Күршімдіктерді күрсінткен өткел: Паром қозғалысы қыс мезгілінде қиындық туғыза бастады ма?

0
298
көрілім
Күршім ауданынан хабарласқан жеке кәсіпкер болып табылатын тұрақты оқырманымыз Ертіс өзенінен өтетін паромның біреуі ғана жұмыс істеп тұрғанын айтты. Көлік легі көп болғандықтан, жүк, жанармай, көмір тасымалдаушы көліктерді алып өту қиынға соғып тұрған көрінеді. Соның салдарынан аудан халқы жанармаймен, көмірмен толық қамтылмай отыр. Паром мәселесіне байланысты жанармай жеткізетін компания алдағы уақытта Күршім ауданымен жұмыс істеуден бас тартпақшы екен.
Аталған мәселеге қатысты ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының берген жауабына сүйенсек, «Қызыл Ту» өткеліне жыл сайын автокөліктер легінің азаюына байланысты, паром қозғалысы 15 қарашадан бастап қысқы кестеге көшіріліп, бір паром резервке қойылады. Себебі, қысқы мерзімде екі паромды жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып табылады.
Бұл паромдардың ұзындығы 59 метр, ені 13 метр, жүк тиеу биіктігі 3,8 метр болып келеді. Бір рейсте 5 Камаз, 4 автобус, 10 жеңіл көлік немесе 35-40 жеңіл автокөлік өткізу мүмкіндігі бар екен.
— Қазіргі күнде бұл көрсеткіш бір рейсте орта есеппен 22 автокөлікті ғана құрап отыр. Демалыс және мереке күндерінде де өткелдегі қозғалысты бір паром толық қамтамасыз ете алады. Осы уақытқа дейін жанармай немесе көмір тасымалдаушы көліктердің паромнан өте алмай қалған фактілері тіркелмеген, — деп хабарлайды басқарма басшысының орынбасары Ә. Сұлтанов.
Жанар-жағармай, шаруашылық тауарлары, азық-түлік бағаларының қымбаттауына және қызметкерлердің жалақасының өсуіне байланысты осы жылдың 15 қарашасынан бастап автокөліктерді өткізу тарифтерін 20 пайызға көтеруге тура келген екен.
Мадина ҚАЙНАРОВА