2012 жыл. Президент табиғат зерттеушісіне хат жазды

382
көрілім

Шығыс Қазақстан — біздің еліміздің ең көрікті аймақтарының бірі. Ол өзінің сұлу табиғатының әртүрлілігімен танымал.

Борис Щербаков — біздің өңіріміздің нағыз патриоты. Ол Батыс Алтайдағы ерекше қорғалатын аумақтарды мекендейтін құстарды зерттеген орнитолог. Шығыс Қазақстан облысындағы жануарлардың алуан түрлілігін сақтау үшін түбегейлі күрес жүргізген қоғам қайраткері. Сонымен қатар, дарынды жазушы, натуралист және өлкетанушы. Туған жері туралы 30-ға жуық кітап жазған.

2011 жылы Борис Васильевич «Шығыс Қазақстан – Еуразияның жүрегі» атты кітабының тұсауын кесті. Өлке тарихына зор үлес қосқан бағалы кітап кәсіпкер Владимир Понявиннің қолдауымен «Либриус» баспасында дайындалып, шығарылды.

Өз құнын айқындаған кітап Елбасымыздың назарынан тыс қалмады. Туған өлке жайлы жазылған кітаптан ерекше әсер алған Нұрсұлтан Әбішұлы басылымның авторы мен демеушісіне жылы лебізін білдіріп хат жазды. Ол біздің еліміздің тұмса табиғатын қағаз бетіне түсірген дарынды тұлғаға және демеушісіне кітапқа сіңірген еңбектері үшін алғыс білдірді. Елбасымыз тауларға ерекше құмартатынын және олардың сұлулығына тамсана қарайтынын ашық жеткізді.

«Мен тау бөктерінде туылып, сонда ер жеттім. Сондықтан, кербез таулар әрқашан мені өзіне баурап тұрады. Егер мұндай тарихи шежіре Отанымыздың әр өңірінде жазылса, ұрпақтарымызға жеріміз бен оның тарихы, мәдениеті туралы баға жетпес мұра қалдыратын едік. Барлығы өзгерсе де, кітапқа түскен дүние сақталып қалады.», – деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев

Матералды әзірлеген Ирина Плотникова