2019 жылы қандай өзгерістер күтілуде?

365
көрілім

Жаңа жылдан бастап жаңа тіршілік бастау – барлығымыздың арманымыз. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңнамадағы өзгерістерге байланысты қазақстандықтар жаңа өмірге қадам басады. Оның ішіндегі ең маңызды және ең өзекті өзгерістерді «Менің өлкем» газеті назарларыңызға ұсынады.

Ұялы байланыс

Ұялы телефоныңызды тіркеуді ұмытпаңыз Ол үшін мобильді құрылғының IMEI нөмірін өзіңіздің ЖСН нөміріңізге бекітуге тиіссіз. Әзірге мұны тегін жүзеге асыруға болады: байланыс операторына ЖСН нөміріңізді SMS арқылы жіберсеңіз жеткілікті.

Кіріс салығы төмендейді

Президент тапсырмасымен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы 25 АЕК-тен (63 125 теңге) төмен азаматтар үшін жеке кіріс салығы 10 есе төмендетіледі.

Бизнесмендерге салық амнистиясы

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Президент тапсырмасымен Қазақстанда салық амнистиясы жүргізіледі. 2018 жылдың 1 қазанындағы ахуал бойынша негізгі қарызын 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін өтеген жағдайда мемлекет бизнесменнің бүкіл өсімақы мен айыппұлын жоюға міндеттелді.

Әйелдердің зейнет жасы ұлғаяды

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 59 жасқа дейін ұлғаяды. Ер азаматтар зейнеткерлікке 63 жасында шығады. Бірнеше жыл бұрын қабылданған заңға сәйкес, әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңімен ұлғаятын болады. Өзгерістер 1960-1964 жылдары туған әйел адамдарға қатысты.

Зейнетақы мен жәрдемақы өседі

Жаңа жылдан бастап зейнетақы көлемі өзгереді. Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі көлемі — 16 037 теңге;

Ең төменгі зейнетақы көлемі — 36 108 теңге;

Ең төменгі жалақы Жаңа жылдан бастап күнкөріс минимумына қатысты 1,5 есе көтеріліп, 42 500 теңге болады.

Президенттің қазандағы Жолдауына сәйкес, Жаңа жылдан бастап елімізде ең төменгі жалақының жаңа көлемі белгіленіп, бұдан былай күнкөріс минимумынан 1,5 есе көп болады.

Базалық әлеуметтік төлем көлемдерін есептеу үшін күнкөріс минимумының шамасы — 29 698 теңге.

Тарифтер бағасы

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда энергетика саласы үшін жаңа тарифтік әдіснама енгізіледі, сөйтіп, электр жарығы мен тауарлық газ тарифтері төмендейді.

Балалар үшін шетелдік төлқұжат міндетті

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетелге шыққанда 16 жасқа дейінгі балалардың жеке төлқұжаты болуы міндетті.

Техникалық паспорттың жаңа үлгісі

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап техникалық төлқұжаттың жаңа үлгісі енгізіледі – кредиттік карта көлемімен бірдей, чипі бар, жүргізуші куәлігі мен жеке куәлікке ұқсайды.

Бірақ ескі техникалық паспортты тез арада ауыстырудың қажеті жоқ, себебі жаңа жылға дейін берілген құжаттар көлікті қайта тіркегенше күшін жоймайды.

Көлікті "қағаз жүзінде" сақтандыру жойылады

Қазақстанда жаңа жылдан бастап автокөлік иелері үшін онлайн сақтандыру енгізіледі. Сақтандыру құжатын өзіңмен алып жүру міндетті емес. Жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу туралы куәлік (техникалық паспорт) болса жеткілікті.

Еңбек кітапшалары электронды болады

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтар біртіндеп электронды еңбек кітапшасын қолдана бастайды.

Ішкі істер министрлігі реформасы

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ІІМ реформасы басталады. Ол үшін "Ішкі істер органдарын модернизациялау Жол картасы" әзірленген.

Бірінші кезекте ІІМ-нің штат саны оңтайландырылады. Министр Қалмұханбет Қасымов атап өткендей, 450 полиция қызметкері жұмыстан қысқартылады.

Қызметкерлер санының азаюы есебінен полицейлердің жалақысын арттырылып, олардың баспана және басқа әлеуметтік проблемалары шешілетін болады.

Полиция қызметкерінің жаңа стандарты бекітіліп, мансаптық жоғарылау жүйесі өзгереді, сонымен қатар полиция академиясы арқылы кадрлар дайындау және іріктеу тәртібіне өзгертулер енгізілмек.

ІІМ барлық қызметкері қайта аттестациядан өтеді. Үздіктері ғана қызметін жалғастыратын болады.

Халықпен жұмыс істеудің заманауи форматтары енгізіліп, полицияны бағалау критерийлері өзгереді.

Адамдардың құқық қорғау органдарына жүгінуі оңай болуы үшін полиция жұмысы сервистік үлгіге ауысады.

Қазақстанның барлық қаласы қоғамдық қауіпсіздікті бақылау жүйелерімен қамтамасыз етіледі.

Темекі қымбаттайды

Жаңа жылдан бастап темекі қымбаттайды. Ең арзан темекінің 20 данадан тұратын бір қаптамасы 380 теңге болады. Бұл өзгеріс фильтрі бар, фильтрі жоқ темекілер, сондай-ақ папиростарға қатысты.

Атап өтсек, Қазақстанда темекі бағасы алты ай сайын 20 теңгеге көтеріліп келеді: 2017 жылы ең арзан темекі 320 теңге тұратын, кейін 340 теңге болды, ал 2018 жылдың 1 шілдесі мен 31 желтоқсаны аралығында қазақстандықтар бір қорап темекі үшін кемінде 360 теңге төлейді.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Материал Sputniknews.kz сайтына сүйене отырып дайындалды