21-27 желтоқсан аралығына арналған жұлдыз-жорамал

1218
көрілім

Тоқты

Көптен күткен беймаза уақыт басылып, өміріңізде тұрақтылық орнайды. Ақшаны молынан табудың мүмкіндігі туындайды. Жоспар толыққанды құрылмаса да әрі қарай не істейтініңізді сезіп-біліп отырғандайсыз.

Торпақ

Бақуатты таныстарыңыз бен ең жақын достарыңыз тілеулестік танытып, шыңға шығуыңызға айрықша қолдау танытады. Қаржылық тұрғыда қиындыққа тап болсаңыз да қолұшын беретін солар. Қарыз алсаңыз асықпай қайтарсаңыз болады. Жақындарыңыз түсіністікпен қарайды.

Егіздер

Отбасыңызда ешбірімен ағынан жарылып сөйлесуге құлық танытпайсыз. Мұның қарапайым себебі бар: тұрмыстық шаруалардан шаршап, бір сәт жалғыздықта болуды қалайсыз. Ол да жөн шығар. Болып жатқан жайттарды ой елегінен өткізесіз.

Шаян

Апта басында жаңа таныстық орнатып, жұмысыңызда ықпалды серіктестер табасыз. Ауқымды жұмыстың шетін шығарып, еңсеріп шаруа бітірмесеңіз де тәжірибе жинақтаудың сәті түседі. Кейде жауапкершілік жүгі мол істерді қолға алсаңыз өзіңізге деген сенімділік те арта түседі.

Арыстан

Жұмысыңызда көптеген жайттарға көңіліңіз толмайды. Бір жақтан басшылық жүктемені көбейтсе, бір жақтан әріптестеріңіз аяғыңыздан шалып, келеке еткілері келеді. Не істеу керек? Әлбетте салқынқандылық танытқан жөн. Кейін ісіңіз ілгерілеп жатса, бұйымтай айтып, алдыңызға келері сөзсіз.

Бикеш

Достарыңыздың арасында иман сауыты әлсіздері бір-бірлерімен тәжікелесіп, соңы дау-дамайға ұласуы мүмкін. Кейін бітім сұрап, бір ымыраға келу үшін сізге жүгінулері кәдік. Осы кезде шаршы топ алдында батыл сөйлеп өжеттігіңізді көрсетіңіз.

Таразы

Әріптестеріңізден немесе тұтынушылардан келісімшартты ұзарту бойынша ұсыныстар түседі. Мұның барлығы осыған дейін жасаған қадамдарыңыздың оң екендігінің дәлелі. Осыдан кейін болашақта өзіңіз жұмыс істейтін кеңседе қаржылық тұрақтылық орнайды.

Сарышаян

Дер кезінде дұрыс шешім қабылдамай, тартыншақтап қалуыңыз маңызды істерді жүзеге асыруға едәуір кедергісін келтіреді. Басыңызға іс түссе бір бұрышқа бұғып қалудың қажеті жоқ, жасаған қадамыңыз нық, айтқаныңыз мірдің оғындай болуы тиіс.

Мерген

Бір мәселенің соңғы сәттерге дейін шешілмей жатуы әбігерге салып, ойыңызды сан-саққа жібереді. Десе де мұндайда шарасызсыз. Сырттай бақылап, әліптің артын бағуыңыз керек. Әйтсе де қанша жерден қолыңыз байлаулы болса да, жағдайды бақылауда ұстаңыз.

Тауешкі

Кейде өзіңізді әлдеқандай шулы ортада жүргендей сезінесіз. Осы ретте сөзшең, әңгіме айтуда алдына жан салмайтын таныстарыңыздың өз ортаңыздан кете бастағанын байқайсыз. Солай болғаны жөн шығар. Себебі өзіңіз де тыныштықты сүйетін жансыз.

Суқұйғыш

Осы аптада жеке өміріңізде оң өзгерістер болып, кей сәттер жоспарыңызды мерзімінен бұрын орындауға себепкер болады. Біреу-міреу сіз жайлы теріс пікір айтып, сынға алып жатса қызуқандылыққа салынбаңыз. Жағымсыз жайттарды жүрекке жақын қабылдаудың қажеті жоқ.

Балықтар

Апта соңында эмоциялық тұрғыда сыр беріп, мінез-құлқыңызда өзгерістер байқалады. Ауқымды жоспар құруға асықпаңыз. Одан да бастаған ісіңізді аяқтай бергеніңіз жөн. Келіп түскен соңғы ақпараттарды ой сүзгісінен өткізіп алғаныңыз ләзім. Себебі, сіз ойлағандай барлығы бірдей шындыққа жанаса бермейді.