30 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығына арналған жұлдыз жорамал

2011
көрілім

Тоқты

Жаңажылдық күндер Тоқтылар үшін мазасыз өтуі мүмкін. Әсіресе отбасыға, іскерлік серіктестікке қатысты күрмеуі қиын мәселелер шығып жатады. Егер мейрам күндері де кәсіппен айналысатын болсаңыз, онда өзіңіздің нақты міндеттеріңізден жаңылыса бастайсыз. Сүйікті адамыңыз күтпеген жерден мінез танытып, көңіл-күйіңізді түсірсе, таң қалмаңыз.

Торпақ

Апта ортасына қарай Торпақтар денсаулығына көңіл бөлгендері жөн. Бұл үшін көп күш жұмсауды қажет ететін жұмыстарды ысыра тұрыңыз. Одан бөлек, соңғы уақыттары ағзаңыз жеңіл жұмыстардың өзіне тез шаршап, тынығуды қажет етеді. Денсаулығыңызға дер кезінде мән бермесеңіз Жаңа жылда уақытыңызды көңілді өткізудің орнына, ауырып-сырқап қалуыңыз да мүмкін.

Егіздер

Осы аптада қуанышты жаңалықтар көбейіп, жан-жақтан түрлі тапсырмалар келіп түседі. Бұл әсіресе бұрыннан көңіл қосып жүрген жұптарға ерекше байқалады. Байқалғаны соншалық, сол тапсырмаларды орындаймын деп бір-бірлеріңізге көңіл бөлмей кетулеріңіз де ғажап емес. Соның салдарынан бір аптада бірнеше рет ұрсысып, бірнеше кикілжің пайда болады.

Шаян

Бұл апта Шаяндар үшін шиеленісті өтпек. Алдағы уақытта қоян-қолтық жұмыс істеуге тиіс адамдармен ашықтан-ашық сөзге келіп, араларыңыздан ала мысық өткендей болады. Айналаңыздағылар өздерін ашушаң, әсіребелсенді ұстайтындай көрінеді. Алайда оның барлығы да сіздің уақыт өткен сайын жаңа жетістікке жетуіңізге байланысты.

Арыстан

Көптеген Арыстандарға ұзақ сапарларға шығып, ықпалды адамдармен байланыс орнатудың сәті түседі. Бұл уақытта достарыңызбен, көптен араласпай кеткен жандармен жолығуыңыз мүмкін. Отырыс оңынан болып жатса да, емен-жарқын әңгіме барысында әлдеқандай шаршаңқылықты байқайсыз. Өзіңізді жайсыз сезінсеңіз қонаққа бармаған жөн.

Бикеш

Талай жан жаңажылдық мерекені лайықты атап өтіп, серуендеп қайтқысы келеді. Десе де мәселенің барлығы айналып келгенде қаражатқа келіп тіреледі. Мұндайда жоқтан бар жасап, тиімді демалыстың қамын ойлаған жөн. Мәселен, қала ішімен серуендеу, театр, концерттерге бару немесе табиғат аясына шығып бойжазып қайту.

Таразы

Таразылар бір бастаманы көтере бастаса үйдегілер ойда-жоқта оған қарсы шығады. Бұрыннан бері әлденені ой елегінен өткізіп, жоспарлап жүрген болсаңыз жақындарыңызбен кеңеспей жатып, шешім шығармағаныңыз дұрыс. Жақын адамдарыңыз кеңес беріп жатса, құлақ түріп көңілге тоқығаныңыз жөн.

Сарышаян

Апта соңына қарай Сарышаяндарға жаңа таныстық орнату мүмкіндігі туындап тұрса да бас тартыңыз. Кей жағдайларда сізге тілеулестік танытпайтын жандарды ісіне қарап байқайсыз. Сол себепті мүддеңізге сызат түспес үшін барынша сақ болыңыз. Ұзақ сапарға шығып жатсаңыз таныстық орнатқан жолаушыларға жеке өмір жайлы тіс жармағаныңыз жөн.

Мерген

Мергендер қаншалықты тыныштық қалап, ойлағанын жүзеге асырғылары келгенімен қаржы тапшылығы аяқтан шалуы мүмкін. Қолыңыздағы бар ақшаны мереке күндерін ойдағыдай өткіземін деп жұмсап, бармақ тістеп жүрмеңіз. Сізде екі таңдау бар: бірі – ақшаңызды барынша үнемдеп жұмсау, екіншісі біреуден қарыз алып, демалыс күндерін бей-берекет өткізу. Әлеуметтік желіге жиі саяхаттауды да азайтсаңыз, демалысыңыз мәнді өтпек.

Тауешкі

Осы аптада белсенділігіңіз арта түсуі мүмкін. Демалыс күндері болса да күш-қуатыңыз бойыңызда әрі ойыңызға тың идеялар келеді. Бір шаруаны қолға алып, жүзеге асырғыңыз келсе аяқасты қиындықтарға тап боласыз. Дау-жанжалдар туындаса, бейтарап болғаныңыз дұрыс.

Суқұйғыш

Жұлдыздар Суқұйғыштарға тұйықталып қалмай, түрлі таныстықтар орнатып, көңіл көтеруге кеңес береді. Бәлкім у-шудың арасында емес, тыныш жерде отырып тынығуды қалайтын шығарсыз. Олай етпегеніңіз абзал. Әйтпесе небір қызықтан құр қалып, жалғыздықтан ешқандай жақсылық көрмейсіз.

Балықтар

Алдымен осы аптаның жоспарын бекітіп алғаныңыз жөн. Өкініштісі сол, бірқатар жайттар сіз жоспарлаған мерзіммен сәйкес келмеуі мүмкін. Келер күннің күнтізбесін бекіте бергенше, бір уақыт сол сәтпен өмір сүріп көріңіз. Жаңа жылда достарыңызбен бас қоссаңыз құба-құп.