46 мың шығысқазақстандық атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрімен қамтылады

393
көрілім

Өткен аптада Шығыс Қазақстанға ресми іс-сапармен атбасын бұрған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық нормативтік-құқықтық актілердің дайындалып, заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілгенін хабарлады.

- Біздің бірінші мақсатымыз төмен жалақы алатын азаматтардың айлықтарын көтеру. Білім, денсаулық, спорт, мәдениет және қызмет көрсету салаларында еңбек ететін азаматтардың жалақыларын 15-30 пайызға көтермекпіз. Бұдан бөлек халықпен тікелей жұмыс істейтін аудандық, қалалық әкімдіктер қызметкерлерінің де жалақылары 25 пайызға көтеріледі. Сонымен қатар тұрғындардың азқамтылған және көпбалалы отбасыларына берілетін атаулы әлеуметтік көмекті беру критерйі де өзгеріске ұшырап, осыған дейін бұл сома ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын құрап келсе, биылдан бастап ол 70 пайызы мөлшерінде берілетін болады», - деді Бердібек Мәшбекұлы.

Ел бойынша 830 мыңға жуық тұрғынның атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрімен қамтылатынын айтқан министр мұндай шаралар 46 мың шығысқазақстандықты да айналып өтпейтінін алға тартты. Егер бұған дейін мұндай көмек түрі тиесілі әр адам 4 834 теңге алып келсе, жаңа форматта бұл сома 20 789 теңгеге жетпек. Яғни азқамтылған және көпбалалы отбасылардың әр баласы 18 жасқа толғанға дейін осындай соманы алатын болады.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: Владимир Петухов