5G Қазақстанға қашан келеді

118
көрілім

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Қазақстанда 5G желісін енгізу бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

– Жол картасы бекітілді. 5G мобильді байланысы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында тестілеуден өтті. Қазан айында Шымкент қаласында сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Сынақ нәтижесінде бұл технология телемедицина, өнеркәсіпті, тау-кен өндірісін цифрландыру және «ақылды» қалаларды дамытуға мүмкіндік беретіні анықталды. 5G технологиясын енгізу үшін тартылатын инвестициялар көлемі үлкен болғандықтан, 1-кезеңде бұл технологияны республикалық маңызы бар қалаларда енгізілмек. Осылайша 2021 жылдың аяғына дейін Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университеті мен ЭКСПО-да, ал 2022 жылы аэропорт пен вокзалда, сауда орындары мен алаңдарда 5G технологиясын енгізу жоспарлануда. Одан әрі 2023 жылдан бастап барлық облыс орталықтарында енгізу жұмыстары жүргізіледі, – деді Асқар Жұмағалиев.

Министр 2022 жылдың соңына дейін халықтың 97% кеңжолақты интернет желісімен, ал қалған бөлігі спутниктік технологиямен қамтылатынын айтты.

– Ауылдық жерлерде интернет желісіне қолжетімділікті арттыру «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша электронды денсаулық сақтау, электронды қызмет көрсету және басқа жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты қысқартуға ықпал етеді, – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, министр ауылдық жерлерге қашан жылдамдығы жоғары интернет жететінін айтқан еді.