68 жастағы волонтер: «Ерікті болу үшін ең алдымен адал ниет керек»

283
көрілім

Жасы жетпіске таяған Жанна Жибраеваның волонтерлікпен айналысып келе жатқанына 30 жылға таяды. Мұқтаж жанға мүмкіндігінше көмек көрсету оның өмірлік бағдарына айналды десек артық айтқандық емес. Семей қаласында тұратын әжей карантин кезінде де жерлестеріне азық-түлік таратып, қолұшын созған.

«Жанұя орталығы» қоғамдық ұйымында 70-ке жуық ерікті бар. Олар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған жанұялар мен мүгедектерге көмектесіп келеді.

– Қиын жағдайға тап болып бізге хабарласқан әр адамның өтінішін жерде қалдырмаймыз. Демеушілер арқылы тұрғындардың баспана мәселесін де шешуге тырысамыз. Өзіміздің заңгерлеріміз, психологтарымыз бар. Олар халыққа бағыт-бағдар беріп, жол сілтейді. Былтырдан бері қаладағы «Татуластыру орталығымен» тығыз жұмыс істеудеміз. Мұндағы мақсатымыз – жас отбасыларға ақыл айтып, кикілжіңге түскендерді керістірмей келістіру, – дейді қоғамдық ұйымның директоры Жанна Жағыпарқызы.

Карантин кезінде олар мұқтаж жандарға азық-түлік таратқан. Сондай-ақ қашықтан оқып жатқан мектеп оқушылары үшін экология тақырыбында вебинар өткізді.

– Өзім 1991 жылдан волонтерлікпен айналысып келемін. Сол уақыттан бері талай жұмыстар атқардық. Осыдан бірнеше жыл бұрын психоневрологиялық интернатқа монша салып бергенбіз. Әлеуметтік мәселелерге де араласып, жергілікті әкімдікпен тығыз байланыстамыз. Бірде күйеуі тастап кеткен жалғызбасты әйел қоңырау шалды. 4 баласын асырай алмай отырғанын, ақшасы болмағандықтан пәтерден шығарып жібергенін айтып, көмек сұрады. Содан кейін тиісті органдарға хабарласып, пәтер иесіне де мән-жайды түсіндірдік. Ақшамен, азық-түлікпен жәрдем көрсеттік. Айта берсек мұндай оқиғалар өте көп, – дейді ШҚО-дағы ең қарт волонтер.

Екі баласынан 3 немере сүйген Жанна Жибраева жас еріктілерге үнемі ақылын айтып, тәжірибесімен бөлісіп отырады.

– Волонтер болу үшін бірінші кезекте адал ниет керек. Қоғамға қандай да бір пайдамды тигізсем деген мақсат болған жөн. Ал біреуге атақ-абырой, мақтан үшін көмектесу әсте дұрыс емес. Нағыз ерікті адамгершіліктен аттамай, әркез жүрегін таза ұстайды. Ұлы Абай айтпақшы, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», – дейді Жанна Жағыпарқызы.