6 – 12 сәуір аралығына арналған жұлдыз-жорамал

392
көрілім

Тоқты

Бұл уақытта көптеген Тоқтылар өзерінің оң жамбасына келетін жұмыстар іздейді. Келісімшартқа отырып, серіктес болудан іргеңізді аулақ салудың реті жоқ. Себебі мұндай әрекеттер сізге қомақты табыс әкелуі мүмкін. Тосын сыйлар мен күтпеген жерден мол қаражатқа кенелуіңіз де ғажап емес.

Торпақ

Қазір интеллектуалдық біліміңізді арттырып, өзіңізді жан-жақты дамытуға тамаша мүмкіндік туып тұр. Сәті түссе күндегі күйбең тірліктерді ысыра тұрып, қалаған жағыңызға барып саяхаттап қайтыңыз. Басқалардан ерек қызмет түрімен айналысатындар мол ақшаға кенелулері мүмкін.

Егіздер

Бірлесіп жұмыс атқару үшін ірі мекемелермен келісімшартқа отырып, іскерлік қарым-қатынастарды нығайтуға қолайлы кезең. Мұның барлығы түбінде сізге қомақты қаражат әкелуі әбден мүмкін. Абзалы алдағы аптада жұмыстағы жүктеменің барлығын өз жауапкершілігіңізге алмай, әріптесіңізбен бөлісіңіз.

Шаян

Осы кезеңде жұмысыңызда өзіңізді үздік қырыңыздан көрсетсеңіз, бастығыңыз мұны жоғары бағалайды. Сізге келетін табыстар өзіңіздің кәсіби біліктілігіңіздің жоғары болуына да байланысты. Саудаға келгенде абай болыңыз, сапасыз тауарларға ұрынып қалмаңыз. Көпшілік арасында да өзіңізді жинақы ұстағаныңыз жөн.

Арыстан

Егер шығармашылықпен, спортпен, ғылыми жұмыстармен айналыссаңыз қазір сол әрекеттеріңіздің жемісін көресіз. Одан бөлек, дүниетанымыңызды кеңейтуге қолайлы сәт. Сырт келбетіңізбен талай жанның назарына ілініп, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленесіз. Алайда жеткен жетістіктеріңіз жайлы жолыққан жандарға тіс жарып айта бермегеніңіз абзал.

Бикеш

Қазір жеке өміріңізде, іскерлік мақсатта да байланыстар орнатуыңызға болады. Егер жұмысыңыз сауда ісімен байланысты болса онда сізді мол табыс күтіп тұр. Басы бос Бикештерге екінші жартысын тауып, үлкен өмірге аяқ басуды ойласа құба-құп. Сүйікті адамыңызды компанияларда жүріп немесе әлеуметтік желіде хабарлама алмасып та табуыңыз мүмкін.

Таразы

Таразылар үшін де өмірлік серігін табуға орайлы сәт. Іс сапарларға жиі шығып, қағазбастылықпен жүргеннен гөрі адамдармен пікір алмасқаныңыз ләзім. Көп жұмыстар екеуара диалог орнату арқылы шешімін табатынын жадыңыздан шығармаңыз. Апта соңына қарай қауырт шаруа шығып қалуы мүмкін.

Сарышаян

Сарышаяндардың басым көбі уақытын келісімшарт жасасып, бір істі дөңгелетіп әкетуге арнайды. Тіпті сіздің қызметке адалдығыңыз бен еңбекқорлығыңыздың арқасында әріптестеріңіздің арасында беделіңіз артады. Ойыңыз бір жерден шығатын жандармен жиі бас қоссаңыз біршама қуанышқа бөленесіз.

Мерген

Осы кезеңде мәнсап жолыңызды қалыптастыру үшін бірқатар тәуекелге барасыз. Батылдығыңыз бен бірбеткейлігіңіз сізді түбі шыңға шығартпай қоймайды. Өз ісін өрлетуді мақсат еткендер көбінде бастығымен емес, өзге сала мамандарымен пікір алмасып, тығыз қарым-қатынаста жүреді.

Тауешкі

Қаржылық тұрғыда жағдайыңыз қалыпқа түспек. Жұлдыздар мақсатшылдық қасиетіңізден айырылмауға кеңес береді. Бәз-біреулер аяғыңыздан шалуға ұмтылулары мүмкін, сол себепті олардан бірнеше қадам бұрын ойлай білгеніңіз абзал. Апта соңында достарыңыз қарызға ақша сұраулары мүмкін, әзірге бас тартыңыз.

Суқұйғыш

Апта ортасына қарай жұмыста өзіңіздің кәсіби шеберлігіңізді көрсетіп, басшылық тарапынан оң баға естуіңіз мүмкін. Сәті түссе сыйақы да жазып беруі ғажап емес. Мәнсап жолыңызда жетістікке жетіп, құрған жоспарларыңыздың барлығын жүзеге асырып жатсаңыз мұның барлығы еңбекқорлығыңыздың арқасы деп біліңіз.

Балықтар

Қазір қалаған жағыңызға саяхаттап шықсаңыз болады. Реті келсе, осы аптада жолға шығыңыз. Дегенмен бастығыңыз күтпеген жерден сізді іс сапарға жіберіп, жоспарыңызды күл-талқан етуі мүмкін. Абзалы бастығыңыздан алдағы жоспары жайлы сұрастырып көріп, бір ұйғарымға келіңіз.