8-14 қараша аралығына арналған жұлдыз-жорамал

580
көрілім

Тоқты

Қазір өзгерістің бел ортасына түсіп, қай жаққа қадам жасаймын деп ойға батасыз. Бейне бір сынақ көпірінде тұрғанда әрі қарай қадам жасау керек пе, жоқ па екендігін саралаңыз. Өзіңізге сенімділік танытып, қадамыңызға күмән келтірмеңіз.

Торпақ

Көбінде өзіңізге қажет қор мен рухани азықты қасықтап жинайсыз. Бұл да орынды әрекет, себебі көптің ортасында отырып таным көкжиегіңізді еркін байқатасыз. Дегенмен көп білемін деп сынға ұшырап жүрмеңіз.

Егіздер

Осыған дейін жасаған қадамдарыңыз бен жетістігіңіз кәсіби шеберлігіңіздің жемісі екендігін байқайсыз. Соған қарамастан Жұлдыздар сенімді қадам жасауды жалғастыруға шақырады. Болдым, толдым деу артқа қадам жасаумен тең.

Шаян

Кей бағытта сәтсіздіктер күтіп тұр. Жолға шықсаңыз көлік сынып, бейсауат қимылдан киіміз жыртылып, жоспарыңыз жоққа шығуы ғажап емес. Мұндайда қандай әуре-сарсаң күтіп тұрса да ашуға ерік бермеңіз.

Арыстан

Бір апта бойы атқарған ісіңіз бір айға жетерлік күш-қуатыңызды сарп еткендей. Апта басында күтпеген жерден мәселе туындап, шешімі тек сіздің қолыңызда ғана болмақ. Сол бағытта жасаған әр қадамыңыздың соңы бақытқа жетелейді.

Бикеш

Қазір өзіңізбен-өзіңіз оңаша қалғаныңыз жөн. Соңғы уақыттары жасаған қадамдарыңыздың дұрыс-бұрыстығын таразылап, шындыққа бойлауға мүмкіндік аласыз. Апта соңында достарыңыз қоңырау шалуы мүмкін.

Таразы

Нақты не нәрсеге икеміңіз келетінін енді байқайсыз. Достарыңыз бір жақтан, әріптестеріңіз бір жақтан түрлі ситуацияларда қалдырады. Ішкі түйсігіңіз шаршы топ алдында шебер сөйлеуге шақырады.

Сарышаян

Сақ болу еш артық етпейді. Толағай табысқа жетіп жатқан Сарышаяндар үшін қазір әр қадамын екшеп басқан жөн. Қырын қарап, көреалмаушылық лебін сездірген бәз-біреулер әркез аяқтан шалуға ұмтылады.

Мерген

Болашаққа жоспарды оңай құрасыз. Алайда соны орындау біршама қиын болып, санаңыз шырғалаңға түседі. Жасаған әрекетіңіз сәтті шыққанымен, жан-жақтан түскен қоңыраулар ойыңызды бөліп жібереді.

Тауешкі

Бұл аптада туысқандарыңыз көмек сұрап, сәрсенбі, бейсенбі күндері хабарласып қалулары мүмкін. Көлігі бар Тауешкілер үшін жұмыс легі тіптен көбеймек: біреуді жеткізіп тастау, зат әкелу және тағысын тағы. Не де болса шыдап бағыңыз.

Суқұйғыш

Шығармашылық адамдары үшін еркін тыныстап, демалуға қолайлы кезең. Әдебиетке жақындарының тың тақырыпқа негіз тауып қалулары ғажап емес. Отбасылы Суқұйғыштарға табиғат аясына шығып қайтуға болады.

Балықтар

Апта оң жаңалықтармен басталмақ: достарыңыз сіз дегенде елпек қағып, әріптестеріңіз мақтауыңызды асырады. Десе де жұмысқа келгенде бір сәт те босаңсымаңыз, басшылық сізді бақылауға алған.