Олимпиада ойындарының алтын медалі екі палуанға бұйырмақ

882
көрілім
Фотосурет ресми күрес парақшасынан

Иә, дәл осы жағдай төңірегіндегі оқиға желісі сан түрлі құбылуда. Жазғы Олимпиада ойындары тарихында екі спортшының бірдей чемпион деп танылып, алтын медаль иеленген сәтін естіп пе едіңіздер? Ендеше бірнеше күн бұрын Біріккен Күрес Әлемі осындай тарихи шешім қабылдады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қазақстандық палуандардың бірі аталған марапатқа ие болса тіпен қуаныш еді. Олай емес. Дегенмен қола медаль отандасымыз Дәулет Шабанбайдың еншісінде қала бермек. Енді басты жаңалыққа көшейік. Осының алдында ирандық Комейл Гасеми Өзбекстан елінің атынан сынға түсіп, топ жарған Артур Таймазовтың қанынан допинг табылуына қарай алтын медаль алуға ниетті екендігін жазған едік. Тіпті ирандық күрес басшылығы Біріккен Күрес Әлеміне (ары қарай БКӘ) ресми хат жолдап, өздеріне тиесілі жүлдені тезірек жіберуін өтінді. Әйтеуір өтініштері ескеріліп, БКӘ алтын медаль ирандық спортшы мен ресейлік Билал Маховқа берілетіндігі жайлы мәлімдеме жасады. Міне, қызық шешім. Махов күміс медаль алған грузин палуанының тыйым салынған препарат алуына байланысты алтынға лайық саналыпты. Оған қоса, іріктеу белдесулерінде ресейлік спортшы бір белдесу артық өткізген. Қызығы сол, осыған БКӘ тәжірибесінде допинг пайдалану бойынша екі бірдей алтын медаль табыстау деген болмаған. Енді амалсыздан сол ережеге өзгеріс енгізуге тура келді. Тағы бір қызық жайт! Қос бірдей чемпион: Комейл Гасеми және Билал Махов. Сонда күміс медаль кімге бұйырады? Ешкімге. БКӘ осылай деп шешіпті. Ал қос қола жүлденің бірі, өздеріңізге мәлім, отандасымыз Дәулет Шабанбайға, екіншісі америкалық палуанға беріледі. Мұндай шешімге ирандық күрес федерациясы келісіп отыр. Мұның алдында олар Гасеми топ жарған палуанға есе жібергендіктен алтын медаль бір спортшыға ғана берілуі тиіс дегенді алға тартқан-ды. Арбаны сындырмай, өгізді де өлтірмейтін мұндай шешім ешкімді ренжітпесі анық. Естеріңізге сала кетейік, бұлар – 120 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің алыптары.

Гасеми сол бәсекеде Аржан Бхулар (Канада), Артур Таймазов (Өзбекстан), Ник Матюхин (Германия) және Тервел Длагневпен (АҚШ) жолықты. Ал Билах Махов алдымен Джамалудин Магомедов (Әзірбайжан), Таха Акгуль (Түркия), Чулунбат Жаргалсайхан (Моңғолия), Давит Модзманашвили (Грузия) және отандасымыз Дәулет Шабанбаймен шеберлік байқасты.

Әділхан ЕСІМХАНОВ