Өскеменде жарты миллион теңге айыппұл төлемеген жүргізушінің көлігі автотұраққа қойылды

841
көрілім
Шартты фотосурет

Ақпан айының 11-і күні облыс орталығында тәртіп сақшылары 25 жастағы тұрғын басқарған «Тойота» маркалы автокөлікті тоқтатып, жолда жүру ережесін 34 рет бұзса да айыппұл төлеуден жалтарып келгенін анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенімен автоматты түрде тіркелген айыппұл сомасы 571 968 теңгеге жеткен.

- Барлық заңбұзушылықтар ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы бойынша (Жылдамдықты шектен асыру) жасалған. Осыған орай, борышкердің көлігі айыппұлды толық өтегенше мамандандырылған автотұраққа орналастырылды. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 811-бабына сәйкес азаматтар жеті жұмыс күні ішінде айыппұлдың елу пайызын төлеуге құқылы екенін түсіндіреміз, - делінген ШҚП ПД баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.