Семейде 11 мыңнан астам отбасы баспана кезегінде тұр

209
көрілім
Шартты фотосурет

Бұл туралы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Диана Шаяхметова мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өткен жылы 112 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Көпбалалы және толық емес отбасыларына, сондай-ақ мүгедек баланы тәрбиелеуші жанұяларға 20 млн теңге соммасындағы 20 тұрғын үй сертификаты берілген.

Биыл көпбалалы отбасыларға 22 пәтер берілсе, оның 4-уі сатып алу құқығынсыз мемлекеттік тұрғын үй қорынан және 18-і «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарына 25 млн теңге соммасында 25 сертификат берілді. Бұдан бөлек, Қарағайлы ықшам ауданындағы сатып алу құқығынсыз жалға берілетін төрт үйден 125 көпбалалы пәтерлер көпбалалы отбасылары арасында таратылады.

– Жалпы бүгінгі күні қалада 11318 отбасы тұрғын үйге мұқтаж. Биылғы жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша мұқтаж және көпбалалы отбасыларына төлемге қабілеттілігін растауға үшін 250 жолдама берілді. Олардан құны 884 млн теңгеге 95 сұраным расталды. Сонымен қатар осы жылдың екінші жартысында жергілікті атқарушы органдардың кезегіндегі отбасыларға арналған «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы басталды. Бағдарлама бойынша жылдық пайыздық көрсеткіші 5%, алғашқы жарнасы 10%-бен 20 жылға беріледі. Тұрғын үйді тек бастапқы нарықта ғана сатып алуға болады, – деді Диана Шаяхметова.