ШҚО-да есірткі сатумен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды

393
көрілім

«Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы басқарма қызметкерлері облыс орталығында "жылдамдық" психотроптық заттарды сатуды жүзеге асырған отбасылық жұпты ұстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Арнайы операция кезінде 32 және 29 жастағы ерлі-зайыптылар қолға түсті. Департамент баспасөз қызметінің мәліметінше, олар оңай олжа табу мақсатында қыркүйек айының басында Нұр-Сұлтан қаласынан Өскеменге келіп, психотроптық заттарды сатумен айналысқан.

Белгілі болғандай, күдіктілер синтетикалық психотропты заттардың көтерме сауда партиясын сатып алып, оларды неғұрлым ұсақ дозаға бөліп, құпия жасыру арқылы өткізген.

- Тінту барысында қолға түскендерден 150 грамм психотроптық заттар тәркіленді, яғни 500 бірлік доза. Оның құны қара базарда 4 000 000 теңгені құрайды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары олардан дозаны өлшеуге арналған аспап пен буып-түюге арналған құрал-жабдықтарды тәркіледі, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөліміне сәйкес (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, көрсетілген заң бабының санкциясында 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.