Абай ауданында ұлы ақынның мерейтойына орай қолға алынған ірі жобалар аяқталуға жақын

228
көрілім

Өңірімізде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай бірқатар шаралар іске асырылып жатқаны белгілі. Қазіргі уақытта сол ірі жобалардың көбісі аяқталуға шақ қалған.

Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылындағы 300 орындық жаңа мектептің ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары аяқталған. Сыртқы су құбыры, жылу және кәріз жүйелері мен ішкі электр желілері тартылды.

– Жаңа саябақта магистральді су құбырлары тартылды. 730 түп терек, 134 түп шырша отырғызылды. 3,5 мың тонна жартасты, 23,6 мың тонна құнарлы топырақ, 45,8 мың тонна құм мен қиыршық тас араласқан қоспа әкелінді. Балалар алаңын абаттандыру және 4 субұрқақты орнату жұмыстары толық аяқталды. Саябақтың айналасына ауданның көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына арналған 12 үйдің құрылысы басталды, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов Абай мерейтойына арналған жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланған онлайн конференцияда.

Бұдан бөлек, аудан орталығының су құбыры желілерін қайта құруға бағытталған ауқымды жұмыстар жалғасуда. Ауыл ішіндегі 44 шақырым магистральдық желінің 35 шақырымына құбырлар төселді. Апта соңына дейін «Абай – Шәкәрім» мемориалдық кешені аумағында ғылыми-қалпына келтіру жұмыстары өз мәресіне жетеді. Бүгінде жұмыстардың ауқымды бөлігі аяқталған.