Абайлаңыз: Алаяқ! Екінші бөлім

398
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары алаяқтардың қандай арбауына жиі ілігіп жатады?

Телефон арқылы жасалған алаяқтықты анықтаудың қиындығы, оңай олжаға кенелмек болған құқық бұзушы өз құрбанымен бетпе-беп сөйлеспейді. Сондай-ақ SIM-карта мен ұялы телефон алаяқтың атында болмайды.

Жарты бағасына ал

Іске асуы: Хабарландыру сайттарына алаяқтар арзан бағада тұрғын үй, автокөлік немесе басқа да дүние-мүлік сататындықтарын жазады. Осыған қызыққан адам хабарландыруда көрсетілген телефон нөмірге қоңырау шалғанда «мен Ресейде тұрамын. Сол үшін үйдің бағасын төмен қойдым» деген сияқты жауап алады. Оның үстіне алаяқ «үйді шынымен алғыңыз келсе кепілақы беріңіз» деп алдын ала ақша сұрайды. Ал ақша қолына тиісімен, хабар-ошарсыз кетеді.

Қалай құтылу керек: Есіңізде сақтаңыз, әрбір жылжымайтын мүліктің немесе басқа да тауарлардың нарықтық бағасы болады. Егер хабарландырудағы сатылымға қойылған үйдің немесе көліктің бағасы тым арзан болса, бұған күмәнмен қараңыз. Ең бастысы: барлық ақшалай келісімдерді бетпе-бет кездескенде жазбаша түрде рәсімдеп барып жүргізіңіз.

Алданып қалсаңыз, не істейсіз: Сатушымен екі-арадағы барлық жазбаларыңызды сақтап қойыңыз. Егер телефон арқылы сөйлесіп үлгерсеңіз тіпті жақсы. Осы деректерді алып, полиция қызметкерлеріне жүгініңіз.

Сіз тұтқындалдыңыз!

Іске асуы: Құқық қорғау органы қызметкерінің кейпіне енген алаяқ сізге хабарласып «сіздің балаңыз қылмыс жасағаны үшін ұсталды. Оны босатудың бір амалы бар» деп ақша сұрайды. Бұл сөзге сенген адамға алаяқ тиісті соманы қайда аудару керектігін жеткізеді.

Осыған ұқсас тағы бір айла бар. Телефоныңызға қоңырау шалған алаяқ өзін туысыңыз ретінде таныстырады. Жол-көлік оқиғасына тап болғандығын алға тартқан ол шұғыл түрде ақша қажет боп тұрғандығын айтады.

Қалай құтылу керек: Ең алдымен аты аталған туысыңызға хабарласып, бар мән-жайды нақтылап алыңыз. Сондай-ақ қаперіңізде ұстаңыз, егер полиция қызметкерлері бір адамды ұстап алса, оған міндетті түрде жақындарына қоңырау шалу мүмкіндігі беріледі.

Алданып қалсаңыз, не істейсіз: Полиция қызметкерлеріне хабарласыңыз.

Ғаламтор арқылы алаяқтық жасау – құқықбұзушы монитордың арғы жағында отырады. Алаяқ туысыңыздың немесе танысыңыздың атынан сізге әлеуметтік желі арқылы хабарлама жолдауы да мүмкін. Оларды анықтау қиын.

Тыйым салынған контент

Іске асуы: Әр түрлі сайттарға кіріп отырған адамның компьютері кенеттен бұғатталып қалады. Экранның алдында Ішкі істер министрлігінен немесе Ұлттық Қауіпсіздік комитетінен хабарлама келгендей көрінеді. Сол хабарламада «Бұл сайтқа кіруге тыйым салынған. Егер компьютердің бұғатын ашқыңыз келсе, ақша аударыңыз» деп есепшот беріледі. Бірақ бұл тек алаяқтардың арбауы ғана.

Қалай құтылу керек: Еш уақытта ақша жібермеңіз. Компьютерлік техника мамандарына жүгінсеңіз, олар бірнеше минуттың ішінде барлығын жөндеп береді.

Алданып қалсаңыз, не істейсіз: Бірден полиция қызметкерлеріне жүгініңіз.

Досым, көмектесші

Іске асуы: Алаяқ бір адамның әлеуметтік желідегі жеке парақшасын бұзып алады. Осыдан кейін, құқық бұзушы сол адамның атынан өзінің қиын жағдайға тап болғандығын жазып, достарынан көмек сұрайды. Әрине, ақшалай көмек.

Қалай құтылу керек: Әлеуметтік желідегі парақша иесіне тікелей хабарласып не болмаса кездесіп, ақпаратты нақтылап алыңыз.

Алданып қалсаңыз, не істейсіз: Ғаламтордағы ақша сұраған жазбаны сақтап (скриншот жасап) полиция қызметкерлеріне бар мән-жайды хабарлаңыз.