АДК «алжасқанның» алаңына айналды ма?

559
көрілім

Заман сондай ма, әлде адам сондай ма? Жуықта ғана есігін айқара ашқан АДК сауда ойын-сауық кешені жынойнаққа айналып барады. Олай дейтініміз, осыдан біраз уақыт бұрын атақ қуған бір блогер сондағы субұрқаққа қарғып түсіп айыппұл арқалаған-тұғын. Алайда бұдан сабақ алмаған ол аяғына шаңғы байлап, АДК-ға тағы келді!

Хакім Абай жиырма тоғызыншы қара сөзінде «Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат?» деп жазған. Осы сөздің тереңіне бойламай жүрген жандардың бірі – өскемендік блогер болса керек. Атын атамай-ақ қоялық. Оның мақсаты да сол атын шығару емес пе?! Наурыз айының басында АДК сауда ойын-сауық кешеніндегі субұрқаққа киімшең секіріп, ережесіз жекпе-жектің атағы жер жарған чемпионы Конор Макгрегордың жүрісіп қайталаған жас жігіттің видеосы әлеуметтік желілерде желдей ескен болатын. Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзған ер адамды анықтаған соң іс Өскемен қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жетті. Сот барысында ол «Бұл әрекетке Instagram желісіндегі жазылушыларым үшін бардым» деп жауап берген. Судьяның шешімімен айыпталушы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 АЕК (13 255 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Кейіннен тәртіп сақшылары «ғаламтор жұлдызының» халықтан кешірім сұраған видеосын таратқан-тұғын.

Алайда әлгі блогер бұдан оңды нәтиже шығармапты. Тіпті кешірім сұрағанын да ұмытып кеткен секілді. 10 наурыз күні басына құлақшын, аяғына шаңғы ілген ол қайтадан АДК-ның ішіне тайраңдап кіріп келген. Бұл жолы оның қандай құйтырқы әрекет жасамақ болғанын біле алмадық (бәлкім эскалатордан сырғанап түспек болды ма екен? Ондайға барса да таңқалмаймыз), себебі кіре берістен 5-6 метр асқанда бірден күзетшілер ұстап қалды.

– АДК сауда ойын-сауық кешенінің әкімшілігі полициядан бір емес, екі рет қоғамдық тәртіпті бұзған қала тұрғынына қатысты шара қолдануды сұрады. Алдағы уақытта блогер тағы да сотқа тартылмақ. Сол жерде ер адам заңға сәйкес жазаға кесіледі, – деп хабарлады Өскемен қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметі.

***

«Өзі не депті екен?» деген оймен блогердің Instagram желісіндегі парақшасына кіріп көрдік. Жоқ, халықтан кешірім сұрағанын ұмытпапты. Өйткені «Енді осы үшін кешірім сұрамаймын» деп жазыпты ол. Оқып болған соң әуелде күлдік, кейіннен түңілдік.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ