Ахмер ауылында қаңғырған иттер тұрғындарға тап берген

712
көрілім

Жыл өткен сайын өңірімізде қараусыз иттердің саны артып келеді. Кешегі жеті қазынаның біріне балаған құтпанның бұл күнде құты кетіп, жергілікті тұрғындарға үрей туғызды. Ертеде қоралы қойын ауласындағы итке күзеттіріп, мыңғыртып малын баққан малшының да, жалданып жүрген жалшының да сеніміне селкеу түскелі қашан? Қорадағы қойына емес, енді үйіндегі бала-шағасына алаңдайтын болды. Бұған себеп жуықта ғана Өскемен қаласының іргесіндегі Ахмер ауылында иесіз иттер тұрғындарға тап беріп, тіпті бірнеше мектеп оқушысын қауып алған. Мәселенің мән-жайін білу үшін ауыл жұртшылығымен жүздесіп қайтқан едік.

«Қаңғырған ит баламды қапты»

Қылышын сүйретіп қыс келісімен саяжайларда иесіз қалған иттер елді мекендерге қарай қарай жортып жүретіні белгілі. Ауылдың алты айырығынан ағылып келген төбеттер үйір-үйірімен топтасып, азығын ауылдан іздейді. Десе де азулары майланбаған соң төрт аяқтылардың тұрғындарға тап беретін сәттері де жиілей түскен.

– Таңертең қызым сабаққа бара жатқанда қаңғырған ит аяғынан ала түсті. Қолындағы сөмкесімен ұрғылап жүріп зорға қашып құтылған. Абырой болғанда, сол күні ауа райы суық болғандықтан аяғына қалың етігін киіп шыққан еді. Иттің тісі етіктен өтпей қалыпты. Содан бастап балаларымызды сабаққа жіберуден қорқамыз. Қобыланды көшесінің бойында иттер өріп жүреді, – дейді ауыл тұрғыны Төлеугүл Мырзағұлова.

Оның сөзінше, мәселе тек иесіз иттерде ғана емес көрінеді. Ауыл адамдарының кейбірі төбеттерін байлаусыз еркін жібере салатынын да айтып қалды.

– Баламды ит қауып алғанда қатты шошыдық. Бірден көшеге шығып иттің соңынан еріп отырып иесінің үйіне бардым. Бірақ үй иелері шықпай қойды. Кейде баланы қойып ересектер де қолдарына ағаш алып жүреді. Бұл мәселе биыл ғана ушығып тұрған есепберу жиынында жоқ. Былтыр да бірнеше рет тұрғындарды қауып алған. Сол кезде иттің иесі «Қыста қалай байлап қоямын» деп сөзімізді елемей қойды. Сонда итке обал екен деп қашанғы таланып жүре береміз? Өткенде қала әкімі Жақсылық Омар қаңғырған иттерді атқызамыз деп еді. Алайда сөз бен істің нәтижесін көріп тұрғанымыз жоқ, – дейді ол .

«Иттердің көзін құртсын!»

Иә, итке шынымен де обал-ақ. Дегенмен атылып тұрған төбеттерін еркіне жіберіп, адамдарға қауіп төндіргеніне Гүлзира Ахметова (аты-жөні өзгертілген) есімді тұрғын да қарсы. Себебі өзі де жеті қазынаның бірін асырап отырғанына біраз болыпты.

– Қас қарая мына тұрған дүкенге барудан қалдық. Тұрғындар иттерін бос жібере салады. Ашығып, бұратылып тұрған төртаяқтылар ақыры кісіге шабады. Төбеттері біреуді қауып алса иелері табылмай қалады. Ал иттерді ататын кезде қожайыны пайда болып наразылық танытады. Сонда балаларымыздың амандығына кім жауап бермек?! Жауапты мекеме қаңғырған иттердің көзін құртса екен дейміз. Өзім де күшік ит асырап отырмын. Бірақ бос жібермеймін, – дейді тұрғын.

Расында да бұндағы тұрғындардың үрейі үдемесе, сейілер түрі жоқ. Себебі олар адамдарға дене жарақатын ғана салып қоймай, түрлі аурулардың таралуына да себепкер болуы мүмкін. Олай дейтініміз, иесінен қайыр болмаған соң азығын күл-коқыстардан табатыны белгілі. Мәселенің байыбына бару үшін арнайы ит ататын мекеме басшылығымен кездестік. Олар ит асыраудың қарапайым заңдылықтарын жіпке тізгендей қылып, бүге-шүгесіне дейін ашып айтып берді.

– Қаңғыбас иттердің көбеюіне тұрғындар өздері кінәлі. Себебі жаз айларында саяжайларда күшік асырап, күзде өздері қалаға кетіп қалады. Қыс түсе ашыққан ит-күшік елді мекендерге ене бастайды. Сол сәттен бастап бізге адамдардан арыз-шағым қарша борайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 2557 ит және 226 мысық атылды. Бұл көрсеткіш биыл 3000-ға жетеді деп жоспарланып отыр. 2018-2019 жылы 2 миллион теңге қаржы жұмсалып, 93 итті, 80 мысықты залалсыздандырып қайта жібердік. Биыл осы бағытта 4 миллион теңге қаржы бөлу жоспарлануда, – дейді Өскемен қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғасан Тұрғанбаев.

«Мойнында қарғыбауы бар иттер атпаймыз»

Итті досына балап, жеті қазынаның бірі санаған елдің үй күзетшісіне бұлай қаталдық танытуы тым мейірімсіздік болса керек. Жауапты мекеме бұған дейін бірнеше мәрте түсіндік жұмыстарын жүргізсе де мәселенің түйіні әлі шешілмепті.

– Ахмер ауылына арнайы жұмыс тобын жіберіп, 50-ден аса иттің көзі жойылды. Заң бойынша біріншіден, тұрғындар итін арнайы орынға апарып залалсыздандыруы керек. Екіншіден, иттің қарғыбауы, үшіншіден, тұмылдырығы болуы қажет. Жұмыс барысында төртаяқтыларды қансыз оқ-дәрімен атамыз. Ауланған иттерді қамайтын орындарға апарып, үш күн иесін күтеміз. Келмесе, төбетті бірден ұйықтатып тастаймыз, – дейді Ғасан Тұрғанбаев.

Жауапты тұлға жергілікті халық арасында иттердің атылуына қарсы болатын тұрғындардың да бар екенін жоққа шығармады. Сондықтан иесіз төбеттерді елдің көзінше ұйықтатуға тыйым салынғанын ескерте кетті.

– Рейд кезінде мойнында қарғыбауы бар иттерді атпаймыз. Егер де мойнында қарғыбауы бола тұрып, тұрғындарға қауіп келтірсе, онда төбет сараптамаға жіберіліп, иесі айыпты болған жағдайда айыппұл салынады. Тағы бір айта кетерлігі, иттерді ату барысында арнайы комиссия мүшелері жұмыс тобына бақылау жүргізеді. Комиссия мүшелерінсіз ешқандай итті атуға болмайды. – дейді Ғасан Болатбекұлы.

«Итті ұйықтату үшін 5-10 минут уақыт жетеді»

Оның айтуынша, атылған иттер арнайы орындарға апарып көміледі екен. Бүгінде иесіз иттерді қарайтын орындардың жетіспеушілігінен тағы бір орын ашу жоспарлануда.

– Былтыр Өскемен қалалық малдәрігерлік қызметіне әкімдік тарапынан бес жылға 0,7 гектар жер берілді. Ол жерге иттерді қамайтын қосымша орын салынады. Себебі қазір төртаяқтылардың көбеюіне байланысты орын тапшылығы байқалуда, – дейді бөлім басшысының міндетін атқарушы.

Аталмыш мекеме мүшелері тұрғындардың наразылығын туғызбау үшін иттерді көбінесе кешкі уақытта және оңашалау жерде атады екен.

– Бізге тұрғындар тарапынан арыздар да түсіп жатады. Көбісі итті атуға қарсылық білдіруде. Десе де адамдардың амандығы үшін жұмысымызды тоқтатпаймыз. Көбінесе кешкі уақытта көзін жоямыз. Кей-кездері итті атқанда оқ-дәрі бойына дару үшін 5-10 минут уақыт кетеді. Сол кезде төртаяқтылар ауыл ішіне кіріп үлгеріп құлайды. Бұл бізді қатыгез, аяусыз етіп көрсететінін білеміз. Сондықтан қала тұрғындарына айтарым, иттеріңізді байлаусыз бос жібермеңіздер. Жіберген жағдайда өз аулаңыздан шығармаңыздар, – дейді Ғасан Тұрғанбаев.

Шынында да иесіз, қараусыз иттер жұрттың мазасын алып, біраз үрей туғызғаны рас. Десе де таяқтың екінші ұшы айналып келіп өзімізге тиіп жатқанын да жасыра алмаймыз. Әуесқойлықпен ит асыраймын деп жеті қазынаның бірі саналған төбеттің қадірін қашырғанымыз да жоқ емес. Иә, ит атаулы бесенеден бері адамның досы, үй-жайді қорғаушы. Бірақ біз достыққа киянат қылдық. Асырауын асыраймыз да, күндердің бір күнінде жұртқа тастап кете барамыз. Сонда біздің адамшылығымыз қайсы?!

Таунар ҚАЙРАТ