Ақпан айы әлі де азынайды

271
көрілім

Қыстың соңғы айы келіп жетті. Белгілі метеосайттардың болжамына сүйенсек, алдағы ақпан айының алғашқы жартысында қар жауып, бұрқасындататын күндер саны аз болмайтын көрінеді. Бірінші онкүндіктің соңына қарай өңіріміздің бірқатар жерлерінде шыңылтыр аяз орнауы ықтимал. Бұл айда орташа күндізгі ауа температурасы -3 -38 градус мөлшерінде ауыспалы болса, түнгі уақытта ол -15… -43 градустық деңгейді көрсетпек.

Ақпан айының бірінші онкүндігінің бастапқы ширегінде қаңтар айының соңында орныққан аяздың лебі біраз қайтқанымен, 7 ақпаннан бастап қайтадан күшіне енуі мүмкін. Онкүндіктің ортасына таман қар жауып, бұрқасындатуы мүмкін. Соңына қарай күн ашылып, аяз қатаңдайды. Бүл онкүндіктің басында ауа температурасы өңіріміздің кейбір бөліктерінде -12 градустық межені көрсетсе, 9 ақпан күні ол кейбір аудандарда - 38 градусқа дейін төмендеуі ықтимал. Ал түнде -20, кейбір жерлерде -43 градусқа дейін суытуы мүмкін.

Айдың екінші онкүндігінде аяздың беті біртіндеп қайта бастайды. Бұл аралықта алабұлтты күндердің саны көбейіп, кей кездері қар жауып, бұрқасындатуы мүмкін. Бұл уақыт аралығында термометр бағаны күндіз -8… -17, түнде -17… -30 градустық межеде ауытқымалы болады.

Ақпанның соңғы онкүндігінде күндізгі ауа температурасы біртіндеп түскенімен, түнгі уақытта аяз әлі де сақталуы мүмкін. Бұл онкүндікте күндізгі орташа ауа температурасы -3… -9 градусты көрсетсе, түнде ол -12… -20 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ