Ақынға арналған ауқымды шара

263
көрілім

Абай ауданында қазақтың тұғыры биік ақыны, ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығы мен ауданның 90 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Шара барысында кәсіпкерлердің қолдауымен жасалған хәкім Абайдың ескерткіші ашылды. Сонымен қатар Шәкәрімнің мүсініне гүл шоқтары қойылып, ақынның тағлымы терең өлеңдері оқылды.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен және көршілес Өзбекстаннан келген дүйім жұрт Абай ауданының орталығы Қарауылға жиылды. Ауданның 90 жылдығы Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығымен тұспа-тұс келгендіктен, бұқара халық ақын мүсінінің алдына гұл шоқтарын қойып, тағзым етті. Артынан Абай мен Шәкәрімнің әлем таныған шығармаларынан шашу шашылды. Шара барысында хәкім Абайға кәсіпкерлер қаржысына ескерткіш қойылды. Нұрбол Қалиев есімді мүсіншінің бұл туындысы 4 метр 60 сантиметрді құрайды.

– Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды дана тұлғаларымыздың білімге, мәдениетке, патриоттыққа шақырған шығармашылықтарының арқасында Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналды десек артық айтқандық емес, – дейді ШҚО әкімі Даниал Ахметов, – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ата-бабаларымыздың рухани мұрасын ұмыт қалдырмай, өскелең ұрпаққа насихаттауды мақсат тұтады.

Айта кету керек, еліміздің рухани астанасы Семей шаһарында «Абай елі – руханият меккесі» тақырыбымен Шәкәрім Құдайбердіұлына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияда сөз алған Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров Шәкәрімнің 160 жылдығына орай ауданда атқарылған бірқатар шараларға тоқталды. Оның айтуынша, биыл дәстүрлі түрде өтетін көркемөнерпаздар байқауы ақынның мерейтойымен орайластырылып, оған мың жарымнан астам адам қатысқан екен. Сондай-ақ Қарауылдағы Шәкәрім алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, абаттандырылған. Биыл алғаш рет аймақтың түрлі этнос жастары арасында «Шәкәрім оқулары» байқауын Абай елінде өткізу жоспарланыпты. Тағы бір айта кетер маңызды мәселе, осы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы ұлылар мекеніне баратын жол құрылысына 2 млрд 487 млн теңге бөлініп, 28,8 шақырым жөндеуден өткізілмек.

– Аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен той қарсаңында Өскемен қаласында бір көше беру жөнінде бастама көтерілген-ді. Ұсыныс облыс басшылығының, мәслихат депутаттарының қолдауына ие болып, Өскемендегі бұрынғы Ворошилов көшесі Шәкәрім даңғылы болып өзгертілді. Әр зейінді азамат рухани күш-жігермен ұлы данышпандарымызды ұлықтауға атсалысатын болса, жан дүниесі тазарып, көңілі өсетіндігіне сенеміз. Ұлыларға қызмет – халыққа қызметпен тең, – дейді Жарқынбек Байсабыров.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ