Алакөлдегі демалыс орындарының көбісі туристерді қабылдауға дайын емес

490
көрілім
Шартты фотосурет

Үржар ауданындағы Алакөлде орналасқан демалыс орындарының көбісінде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталмаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алакөл жағалауында 175 демалыс орны бар. Соның ішінде 59-ы (34 пайызы) ғана ішінара санитарлық-эпидемиологиялық шараларды жүргізуде. Ал қалған 116 демалыс орны туристерді қабылдауға әлі дайын емес. Бұл туралы ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстың бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Нұрланғазы Ибраев мәлімдеді.

– 59 демалыс орнының 32-і дезинфекциялық құралдармен толық қамтамасыз етілді. 23 демалыс орнындағы ас ішетін үстелдердің ортасындағы әлеуметтік арақашықтық сақталған. 22-сінде антисептикалық санитайзерлер мен бөлме тұрғындарының жатын орындарының арасындағы қашықтық талапқа сәйкес келеді. 12 демалыс орнында байланыссыз термометрлер сатып алынған, - деді ол.

Демалыс орындарының аумағында орналасқан ойын алаңдары мен сәулеттік нысандарда дезинфекциялау жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілген жоқ. Сонымен қатар келушілерден сауалнама алып, санэпидемиологиялық қауіпсіздікті түсіндіретін жауапты тұлғалар тағайындалмаған. Осы бағыттағы жұмыстар 10 маусымнан кейін жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

– Жергілікті билік өкілдерінің бастамасымен демалушылар арасындағы әлеуметтік қашықтықты сақтау мақсатында көл жағалауы маңында арнайы белгілер орнатылды. Жоспарға сәйкес Алакөлде профилактикалық дезинфекциялау жұмыстарының бірінші кезеңі өткізілді. Туристер мен демалыс орындарының басшыларына КВИ-дің алдын алу жұмыстарын түсіндіру үшін туристік ақпараттық орталық пен серуендеу аймағында LED экрандар орнатылады, - деді Нұрланғазы Ибраев.