Алакөлді абаттандыру жалғасуда

475
көрілім

Үржар ауданындағы Алакөл жағалауын абаттандыруға облыстық бюджеттен 817 млн теңге бөлінді. Бұл туралы ШҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев Үржар ауданының кәсіпкерлерімен кездесуі барысында айтты.

Басқарма басшысының сөзіне сенсек, Алакөлге биыл маусым мен қыркүйек айының ортасына дейін «Семей-Шар-Аягөз-Ақтоғай-Жалаңашкөл», «Өскемен-Шар-Аягөз-Ақтоғай-Жалаңашкөл» бағытында пойыздар қатынамақ. Бір жерден екінші межеге жету уақыты 15 сағат болмақ.

– Алакөл көлінің емдік қасиеттерін зерттеу бойынша кезең-кезеңімен жүргізілетін жұмыстар басталды. Былтырғы алғашқы кезеңнің өзінде 27 микроэлементтер мен емдік газ-радонның бар екендігі анықталған. Зерттеу жұмыстары биыл да жалғасатын болады. Келешекте емдік процедураларды қосу арқылы демалыс базаларының жұмыс уақытын суға түсу кезеңінен ерте бастап, маусымды біразға дейін созуға болады, – дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, көл жағалауын абаттандыру бағытында ең үздік ART жобаға конкурс ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, 2018-2019 жылдар аралығында Мақаншыдан Көктал ауылына дейін (52 шақырым) 110 кВт-тық электр желісін тарту жоспарлануда. Cондай-ақ облыстық бюджет есебінен Жалаңашкөлден Қабанбай ауылына дейінгі жолды жөндеу жоспарланып отыр. Жоспарланған 49 шақырым жолдың 25 шақырымы жөнделген, қалған 24 шақырымы биыл шілде айына дейін аяқталады.

Айта кетерлігі, өткен жылы Алакөлді абаттандыруға облыс бюджетінен 500 млн теңге бөлініп, көл жағалауын абаттандыру алғаш рет қолға алынған болатын. Одан бөлек полиция бекеті және медпункттер салынып, көшелерге 80 бейнебақылау камералары орнатылды.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ