Алдағы үш жыл көлемінде өңіріміздің 89 елді мекені ауызсумен қамтылатын болады

387
көрілім

Өңіріміздегі 89 елді мекен алдағы үш жылда ауызсумен толықтай қамтылмақ. Бұл жөнінде біз осыған дейін газетіміздің 2017 жылғы 19 қазандағы санында Аягөз, Тарбағатай, Ұлан аудандары бойынша ақпарат беріп өткенбіз. Бұл дәстүрді бұзбай газетіміздің бұл жолғы санында Жарма, Күршім және Үржар аудандарындағы ауызсумен қамтамасыз етілетін ауылдар жайын атап өтуді жөн көрдік. Осыған дейін облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында мәлім болған ақпараттың ауызсуға жарымай отырған ауылдардың тұрғындары үшін көңіл қуантарлық жайт болғаны рас. Ал үш жыл мерзім дегеніміз – қырқа астында ғана тұрған уақыт, әне-міне дегенше келіп жетері анық. Дегенмен, ауылдықтардың үмітінен күдігі басым! Тартылатын ауызсу алдағы уақытта кімнің көңілін жарқын қылмақ? Кімнің ауласына келіп, кім сусыз қалмақ? Осы орайда бас ауыртып, балтыр сыздатқан мәселенің мән-жайын анықтап көрдік…

Бүгінгі таңда ауызсумен қамтылудың облыстағы орташа көрсеткіші 44,2 пайызды құрайды. Әрине, елу пайыздың қарасы жоқ мардымсыз көрсеткіш. Дегенмен, бұл деңгей өңірімізде осы бағыттағы жұмыстардың жүргізілмей жатқандығының көрсеткіші емес. Ауыл тұрғындарын ауызсумен толықтай қамтып жатқан аудандарымыз да жоқ емес. Десек те, бірқатар аудандар көшке әлі де ілесе алмай, көрсеткішке кері әсер етуде. Анықтап айтсақ, қазіргі уақытта Аягөз, Бесқарағай, Жарма, Көкпекті, Күршім, Ұлан, Үржар және Тарбағатай сынды аудандарымызда бұл жұмыс толық деңгейде қолға алынбай отыр. Аталған сегіз ауданындағы елді мекендердің ауызсумен қамтылу деңгейінің мардымсыз екендігін алға тартқан облыс әкімі Даниал Ахметов 2020 жылға қарай жағдайды қалпына келтіруді тапсырды.

Аудандардың берген ақпараты ауқымды болғандықтан, біз бұл мәселеге байланысты мақаланы бірнеше санға бөлуді жөн көрдік. Осы себепті газетіміздің бұл жолғы нөмірінде Жарма, Күршім және Үржар аудандарында тартылатын ауызсудың барысы жайында айтпақпыз.

Жарма ауданы бойынша

Бүгінгі таңда Жарма ауданының 41 мыңға тарта тұрғындарының 75 пайызы ауызсумен қамтылған.

Жарма ауданы бойынша 2020 жылға дейін Жаңаөзен, Суықбұлақ, Жарық, Қаратөбе, Аршалы, Сұлусары, Қапай батыр, Кіші Қарасу, Қапанбұлақ, Әди және Кеңтарлау ауылдарына су құбырлары тартылады, – дейді Жарма ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Нұрғалиев. – Қазіргі таңда Ақжал, 8-март, 10-разъезд, Қоңырбиік, Малай, Қызылағаш, Кезеңсу ауылдары мен Қапанбұлақ станциясындағы қолданыстағы су ұңғымаларына санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жасалуда. 2020 жылға дейінгі сумен қамту жоспары әзірленген.

Лауазымды тұлғаның айтуынша, бүгінгі таңда ауданда халқының саны 50 адамға толмайтын 10 ауыл бар көрінеді. Қазіргі уақытта бұл елді мекендерді жабу жұмыстары жүргізілуде. Оның нәтижесінде 2020 жылға қарай аудандағы елді мекендер саны 43-ке азаймақ.

2020 жылы 43 ауылдың 30 ауылы, яғни 70 пайызы таза ауызсумен қамтылады, – деді Нұрлыбек Ақылбекұлы. — Бұл мәселе бойынша облыста жұмыс тобы құрылған. Аталған жұмыс тобының ұсыныстары бойынша белгілі бір жұмыстар атқарылуда. Бұл жобалар тек республикалық бюджеттен қаржыландырылатын болады. Қазіргі уақытта Жарық, Қаратөбе және Аршалы ауылдарының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Аталмыш құжатқа сәйкес 2018 жылы Жарық, Қаратөбе ауылдарына су құбырлары тартылатын болады.

Күршім ауданы бойынша

Қазіргі уақытта Күршім ауданы бойынша барлығы 53 елді мекен бар. Оның ішінде 21 елді мекені, яғни 39,6 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, 2017-2020 жылдары қосымша 7 елді мекенге су құбырлары тартылса, бұл көрсеткіш жоғарылап 52,8 пайызға жетуі мүмкін көрінеді.

Аталмыш жеті елді мекеннің қатарына Боран, Қалжыр, Алғабас, Барақ батыр, Ұранхай, Үшбұлақ, Маралды ауылдары кіреді, – дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мамырбек Қалелов. – Оларға су құбырларының тартылуы кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Атап айтсақ, Боран, Қалжыр ауылдарына – 2018 жылы, Маралды, Барақ батыр ауылдарына – 2019 жылы, Алғабас, Ұранхай, Үшбұлақ ауылдарына 2020 жылы тарту жоспарланған.

Ауданда осы мәселеге байланысты аудан әкімінің өкімімен жұмыс тобы өткен жылдың 10 қазанында құрылған. Осы салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары бастаған топ қазірдің өзінде жұмысқа кірісіп кеткен.

2017-2018 жылдары Боран және Қалжыр ауылдарында тартылатын су құбырларының жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтіп қойған, – дейді Мамырбек Жәлімханұлы. – Ал 2019 жылға жоспарланған елді мекендерде атқарылатын жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамасы 2018 жылы, 2020 жылға жоспарланған жобаларға 2019 жылы жобалық-сметалық құжаттамалары жасалатын болады. Барақ батыр және Маралды ауылдарындағы су құбыры жүйесінің инвестициялық жобалары 2017 жылдың қыркүйек айында облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына өткізілді. Ал Алғабас, Ұранхай, Үшбұлақ ауылдарындағы су құбыры жүйесінің инвестициялық жобаларын өткізу биылғы жылға жоспарланған.

Үржар ауданы бойынша

Бүгінгі таңда Үржар ауданында 55 елді мекен бар. Оның 20-сы немесе 36,4 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген.

2015 жылы орталықтандырылған су құбыры жоқ елді мекендердің жерасты су қорлары зерттелгеннен кейін су құбыры тартылмаған ауылдарды сумен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар басталып, жобалық-сметалық құжаттамалары әзірлене бастаған болатын, — дейді газет редакциясына ресми хатпен жауап берген аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, кәсіпкерлік және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серік Тлемесов. — Қазіргі уақытта Сағат, Шолпан, Бестерек, Үржар (3-ші кезек), Бақты, Көктал, Сегізбай ауылдарын орталықтандырылған таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Сондай-ақ, Қарабұта, Мақаншы, Қаратұма ауылдарындағы су құбырларын жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді деп жоспарлануда.

Құзырлы мекеме басшысының мәлімдеуінше, Қабанбай, Елтай, Жоғарғы Егінсу, Ақжар ауылдарын орталықтандырылған таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге 2018 жылға қаржы бөлуге бюджеттік өтінім өткізіліп қойылған көрінеді.

***

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» жасасақ, алдағы үш жыл көлемінде Жарма ауданының – 11, Күршім ауданының – 7, Үржар ауданының – 10 елді мекені ауызсумен толық қамтылмақ. Ауылдарға тартылатын ауызсу құбырларының әзірге жобасы жоқ, қаржысы белгісіз болғанымен жұмыстары біртіндеп басталып жатыр. Алайда, ертеңгі күннің еншісіне тиесілі жұмыстар әлі де бірнеше қайтара қаралуы ықтимал. Қалай десек те, қолға алынған іс соңына жетері анық, тек ендігі кезекте осы іске деген басшылықтың көзқарасы оңды болса болғаны.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ