Алимент төлемейтіндер көп

313
көрілім

ШҚО-да алимент төлемеген 29 әке қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Облыстық Прокуратура қарыздың сомасын төмендету мақсатында борышкерлермен түсіндіру және шектеу сипатындағы жан-жақты жұмыс жүргізуде.

Қазіргі кезде облыстың барлық аумақтарында алимент төлемейтін әкелермен күресу үшін жұмыс топтары құрылған. Оның құрамына құқық қорғау, Прокуратура органдарының қызметкерлері, сот орындаушылары мен басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдері кіреді. Осы жылы бірлескен жұмыс пен қолданылған шаралардың арқасында жалпы сомасы 130 млн теңге көлемінде берешек өндірілді. 3500 бала өздерінің ата-аналарынан ай сайын заңды төлемдерін алуға қол жеткізді. Сонымен қатар алимент төлеуден қасақана жалтарғандарға қатысты қатаң шаралар қолданылды.

– Ағымдағы жылдың басынан бері кәмелетке толмағандарды асырау міндеттерін орындамағаны үшін 116 борышкер әке әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 107-і қамауға алынып, 9-ына айыппұл салынған. 29 борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылды. 22 тұлғаға қатысты бас бостандығынан шектеу түрінде жаза қолданылып, жәбірленушілермен татуласуына байланысты 7 борышкерге қатысты іс тоқтатылды, – деп хабарлады ШҚО Прокуратурасының баспасөз қызметі.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ