Алматы маңындағы әуе апатында опат болған әскерилердің бірі катонқарағайлық Досжан Баймұратов еді

17007
көрілім

Дөңгеленген дүниенің әп-сәтте дүр сілкініп, ешкім аңдамаған тосын мінез танытатындығын топшылау мүмкін емес. Құлақты елең еткізіп, шартарапты шарлаған көңілді тұңғиыққа тартып аларлық өзгерістер мен құбылыстар күн сайын болып жатқанымен, бұл оқиғаның әкелген қайғысы өзгеше. Жуырда Алматы қаласындағы әуежай маңында болған ұшақ апаты Қазақстанның түкпір-түкпіріне қас-қағым сәтте тарады. Қара жер қойнына кеткен төрт әскери адамның өлім құшуына нақты себеп айту мүмкін болмай отырған көрінеді. Тек көмескі болжамдар ғана көрініс берген. Ал қайғылы жағдайға ұшыраған төрт әскеридің бірі Катонқарағай ауданының тумасы екендігі тіптен қабырғаны қайыстырды.

Елді есеңгіреткен хабар

«Бүгін 17:20-да «Нұр-Сұлтан – Алматы» бағытында ұшып шыққан ұлттық қауіпсіздік комитеті (әрі қарай ҰҚК) әуе қызметінің АН-26 ұшағы апатқа ұшырады. Бірден дабыл қағылып, оқиға орнына апаттық құтқару жасағы шұғыл аттанды. Алдын ала таралған ақпаратқа сәйкес борт ұшу-қону жолағының бас жағында құлаған» деген мәлімет наурыз айының 13-і күні ел-жұртты біршама есеңгіретіп тастады. Әуежайдың баспасөз қызметі ойда-жоқта ұшақпен байланыс жоғалғанын хабарлап, әлдененің бақылаудан шыққандығын аңғартқан. Төтенше жағдай министрлігі бірден ресми мәлімет ұсынып, ұшақта болған алты адамның төртеуі оқиға орнында тіл тартпай кеткенін, тағы екеуінің ауыр халде ауруханаға жеткізілгендігін мәлімдеді. Арада бірнеше күн өткенде опат болған әскерилердің қатарында катонқарағайлық азаматтың болғандығы анықталды. Мемлекеттік қызметтегі міндетін мүлтіксіз атқарып жүрген жерлесіміздің апатқа ұшырағанын алдымен аудан әкімдігі назардан шығармады.

– Ұшақ бортында болған алты кісінің төртеуі қаза болды. Өкінішке орай олардың ішінде біздің жерлесіміз, капитан Досжан Баймұратов бар еді. Ол бөлімнің ұшу тобының борттехнигі қызметін атқарған, өмірінің соңғы минутына дейін әскери антына адал болды. Ауыр және орны толмас қазаның қайғысын бірге бөлісіп, марқұмның отбасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз, – деді аудан басшысы Ділдар Қалиқан.

Сағы сынбаған сырбаз мінезді

Досжан Ғалымбекұлы 1985 жылдың 15 желтоқсанында Катонқарағай ауылында өмірге келген. 2003 жылы Е.Рыков атындағы орта мектепті тәмамдаған соң Ресейдің Краснодар қаласындағы әскери-авиациялық институтын оқып аяқтайды. Ауылдастарының сөзінше, бала кезінен мақсатшыл, сан рет сүрінсе де сағы сынбайтын сырбаз мінезінен танған емес. Мектеп қабырғасында жүріп ұшқыш боламын деп тау мақсат қоюы қалтарыс-бұлтарысы мол фәниде қаншама төбешіктерден өте шыққандығын аңғартпаған. Амал нешік, сенбілік кеш асқар тау әкесі мен иман жүректі анасының үкілеген үмітін ақтап, әуеге көтерілуді арман еткен азаматты ажал араны қара жерге тартып әкетті. Кестеде әуе апатынан қаза болған әскерилер көрсетілген:

Аты-жөні

Әскери лауазымы

Туған жылы

Туған жері

1

Ғабит Барлықбаев

Майор

1984 жыл

Алматы облысы Үшарал ауылы

2

Досжан Баймұратов

Капитан

1985 жыл

Катонқарағай ауданы Катонқарағай ауылы

3

Мұхтар Сағымбаев

Аға лейтенант

1994 жыл

Жамбыл облысы

3

Евгений Васильков

Сержант

1985 жыл

СҚО Краснодольск кенті

Қаралы оқиға Алматы қаласы маңындағы Қызылту кентінің маңында тіркелген. Ресми мәліметтерде соңғы бес жыл ішінде АН-26 ұшағының тоғыз мәрте апатқа ұшырағандығы жазылған. Ал наурыз айының 13-і күні болған жағдайдың басты себептері ретінде ауа райының қолайсыздығы, техникалық ақаудың болуы, сондай-ақ ұшқыштар тарапынан қателікке жол берілуі сынды жайттар сөз етілді. Марқұм болғандардың үзеңгілес достары, жақындарының айтуларынша, төрт ұшқыштың төртеуі де шеберлігі шыңдалып, қай жерден ақау шықса сол тұсты дереу ретке келтіру тұрғысынан қалыптасқан әскерилер. Сол себепті ұшақты басқаруда ағаттыққа жол берулері мүмкін еместігіне сенімді.

– Қайғылы жағдай туралы түрлі мәліметтер әлеуметтік желі арқылы келді. Сенбедік. Арасында өз оқушымның болғандығын естігенде тіптен есіміз шығып, дел-сал күйде қалдық, – деді сынып жетекшісі болған Бақытжан Төлеуханқызы. – Табиғатынан қарапайым, ақкөңіл бала болатын. Мектеп қабырғасында жүргенінде-ақ «Әскери оқуға түсемін, ұшқыш боламын» деп жиі айтатын. Авиациялық оқуға түсуге әзірлігін күшейтіп, оқумен қатар спортқа да ерекше ден қоятын.

Ел тыныштығын күзеткен ер еді

Катонқарағайлық әскери қызметші 10-сыныпта оқып жүргенде Бақытжан Кисембинова сынып жетекшісі болған. Болашақ борттехниктің гуманитарлық пәндерге деген бейімі жоғары, күрес десе кім-кімге болсын қауқар көрсетіп, қылқұйрықтыға келгенде тақымы тастай шабандоз екендігін айта кеткен ләзім. Достарының бірі Досжан Ғалымбекұлы үшін жанұясы мен ата-анасының алар орны ерек екендігін баса айтты. Қамықса қабырғасын бүтіндеп, қуанса төрт құбыласын теңестіретін жақындары қашанда тілекші еді. Анасы Әлия апай мен әкесі Ғалымбек ағаның мақтанышына айналған Досжан Баймұратов қамшының сабындай қысқа ғұмырында әуеде 3000 сағаттан астам уақыт өткізген екен.

– Досжанға 5-ші сыныптан бастап сабақ бердім, – дейді тарих пәнінің білікті ұстазы Дәметкен Нұриева. – Әр оқушымыздың орны бір бөлек, оның орны бір төбе еді. Қақ-соғы жоқ, байсалды мінезді, өзгелерден ерекшеленіп тұратын. Сыныпта артқы парталардың бірінде Мейір есімді оқушымен отырушы еді. «Досжан, сен неге арт жаққа отырдың?» дегенде, «Апай, осы орын ыңғайлы» деп қоңырқай үнмен жауап беретін. Кім білсін, бәлкім сол кезден бастап әуеге көтеріліп, әскери болуды армандаған болар. Қызметін көкте жүріп атқарған оқушымның ажал құшқанын естігенде сенгім келмеді.

Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметте әскерилердің басым көпшілігі авиациялық оқу орны мен әскери-техникалық мектепті қызыл дипломмен тәмамдаған сайдың тасындай іріктелген таңдаулы маман болғандықтары жазылған. Жанды жабырқатары сол, дүние-керуенде өзгеріс енгізуге болмайтын тек жазмыш қана. Жарқын бейнесі жерлестері үшін мәңгіге көктен қарап тұратындай. Жер ананың қойнына тапсырған азаматтың әскери шені – капитан. Артында қалған өмірлік серігі Таңшолпан мен қос құлыншағы үшін Досжан Ғалымбекұлы ел тыныштығын көкте жүріп күзеткен арда азамат болып сақталары хақ.

Желтоқсандағы қайғылы жағдай

Досжан Баймұратов отбасында екі ағайынды. Қамқорлығын аямай, қолұшын беруге қашан да әзір Махмұттай ағасына арқасүйеп, қолдауын сезініп-ақ өсті. Бала күнінде орындалмайдыға саналған арманын ақиқатқа айналдырған жерлесіміз Шығыс өңірі ғана емес, республика көлемінде ұлтының айбынды ұланы ретінде сақталатындығы сөзсіз.

Естеріңізде болса, 2012 жылы Шымкент қаласы маңында АН-76 ұшағы апатқа ұшырап, жеті экипаж мүшесі мен 20 жолаушы опат болған еді. Әскери қызметшілер мен шекара қызметінің басшылығы желтоқсан айының 25-і күні әуе апатына ұшырады. Ол кезде ауа райының қолайсыздығы (мұздану), радиобиіктік өлшегішінің істен шығуы, экипаждың жерге таяған сәтті ертерек ескертетін жүйені өшіріп тастауы апаттың басты себептерінің бірі деген мәлімет тараған-тұғын.

***

Е.П.Рыков атындағы мектептен 2003-2007 жылы әскери оқу орындарына түскендер легі көп болған көрінеді. Аудан көлемінде «Патриоттар мектебі» деп аталатын өңірде мектеп ұжымының оқушыларға білім беру әдісі ерек. Батылдыққа, ержүректілікке баулыған ортадан білім алғандардың көпшілігінің әскери-авиациялық оқу орындарына түсулері заңдылық еді. Раджан Батырханов пен Киікбай Жанпейсовтей түлектердің ерліктерін бағдар етіп, шәкірт тәрбиелеуде өзіндік тәсіл қалыптастырған мектептен Досжан Баймұратовтай арда азаматтардың әлі талай түлеп ұшатындығына кәміл сенімдіміз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ