Алматыдан-Жидебайға жаяу шыққан еріктілер 1200 шақырымды жүріп өткен

341
көрілім

Дамир мен Даулет Кушеевтер салмағы 35 келі сөмкені иыққа асып Алматыдан Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Жидебай қорығына жаяу бет алған. Жігіттердің 12 маусымда басталған сапарлары 46 күнге созылыпты. Шілденің шіліңгір ыстығы қанша қажытса да екеуі бастаған істерін соңына дейін жеткізбей қоймаған. Сайт тілшісі еріктілермен тілдесіп, ұзақ жолда қандай қиындықтар кездескенін сұрап көрді.

Жидебайға жаяу тартты

Ағайынды Дамир мен Дәулет Алматы қаласында тұрады. Наурыз айында оңтүстік астанада карантин жарияланғалы бері екеуі волонтерлікпен білек сыбана айналыса бастаған. Олар демеушілер тауып, мұқтаж жандарға азық-түлік пен керек-жарақтарды жеткізіп тұрды.

– Биыл елімізде еріктілер жылы екендігі белгілі. Сондай-ақ ұлы Абайдың 175 жылдығы да атап өтілуде. Бірде көкейімізге ерекше ой сап ете түсті: егер осы екі шараны біріктіріп, барша қазақстандықтардың назарын аударатын жоба ұйымдастырсақ қалай? Ол қызықты әрі ауқымды болуы тиіс. Сөйтіп түрлі идеяларды ортаға салдық, – дейді Дамир Кушеев.

Ақылдаса келе ағайындылар хакімнің туған өлкесіне жаяу баруға шешім қабылдаған. Олар өз жобаларын «Абай жолы» деп атады. Еріктілер Алматы облысы және «Рухани жаңғыру» жалауларын алып Жидебай қорығына тігуге бел байлаған.

– Бізді қолдағандар аз болған жоқ. Сенім артып, ойымызды құптап, сәттілік тілегендерге ризашылығымызды білдірдік. Спорттық киім алып беріп, жақындарымызбен спутниктік байланыс ұйымдастырған демеушілер де табылды. Әрине сынай қарап, бұнымызды бос әурешілікке балағандар да ұшырасты. Негізінен біздің бірнеше мақсатымыз бар-тұғын. Әуелгісі, Абайдың туып-өскен өңіріндегі қасиетті жерлерді көзбен көру. Екіншісі дүйім жұрттың хакімнің кіндік қаны тамған аймаққа деген қызығушылығын ояту. Расымен де жобамызды жариялаған соң ғаламторда Жидебай жайлы ізденгендер көбея түскенін байқадық. Үшіншіден, өзіміздің күш-жігерімізді, төзімділігімізді сынап көргіміз келді. Соңына дейін шыдай аламыз ба, мақсатымызға жете аламыз ба, соны тексеруді жөн көрдік, – дейді Дамир.

Ағайынды Кушеевтер атақ-абыройға ұмтылмаған. Олар өздерінің Instagram желісіндегі парақшаларында экспедиция туралы онлайн күнделік жүргізіп отырды. Алматылықтардың бұл сапарына мыңдаған адам куә болды. Еріктілер тек қазақстандықтардың емес Ресей, Түркия және Еуропа елдері тұрғындарының назарын аударған.

Күніне 25-30 шақырымды артқа тастаған

12 маусымда еріктілер Алматыдан жолға шықты. Бастапқыда 4 адам болғанымен, кейіннен екеуі денсаулық жағдайына байланысты мәреге жете алмады. Волонтерлердің ешқайсысы бұрындары жеңіл атлетикамен айналыспаған, тұрақты түрде жүгіріп тұрмаған. Мысалы Дамир Көшеевтің салмағы осы сапардан бұрын 115 келі болған еді.

– Алматыдан шығар кезде бізге бір топ спортшылар пайдалы кеңестер берді. Мысалы, шектен тыс көп жүргенде аяқтың ісінетіндігін ескертті. Сондықтан демалған кезде отырмай, аяқты көтеріп жату керектігін айтты. Сол үшін төрт-бес шақырым артқа тастаған соң, жерге жатып аяғымызды сөмкенің үстіне қойып демалып аламыз. Бұл қан айналымын жақсартуға және ісінуді азайтуға көмектесті, – дейді волонтер.

Таңертең денелері шаршап, аяқтары талса да жігіттер жаттығу жасап қайтадан «Жидебай қайдасың?» деп жолға шығып отырды. Еріктілердің арқасында ауыр сөмкелері болды. Оның ішіне ең қажет дүниелер бар: палатка, каремат, консервілер мен су. Сөмкенің салмағы – 35 келі.

– Ең қиынға соққан жолымыз «Үшарал-Аягөз» аралығы болды. Себебі дәмхана, жанармай құю бекеттері мен дүкендердің арақашықтығы 70 шақырымды құрады. Ал біз күніне 25-30 шақырымды бағындырып отырдық. Тамақ жағынан қиналмасақ та ауызсу мәселесі кәдімгідей әбігерге салды. Бір күнде 6 литрдей су ішеміз. Осылайша суымыз біткенде келесі дүкенге жеткенше төзуге тура келді», - дейді Дамир Кушеев.

46 күнде 1200 шақырымды бағындырды

Ағайындылардың айтуынша, жол бойындағы кейбір дәмхана қожайындары олардың Жидебайға жаяу бара жатқанын естігенде тегін тамақтандырыпты. Ал жергілікті ауыл тұрғындарык кездесе қалса үйлеріне қонаққа да шақырған.

– «Талдықорған-Өскемен» жолындағы жұмысшылар бізді құшақжая қарсы алды. Дастарқанға шақырып бәйек болып күтіп жіберді. Тіпті бір азамат қалтасынан 10 мың теңге ақша алып ұсынды. Әлбетте сыпайы бас тарттық. Қарапайым азаматтардың осындай кең пейіліне риза болдық. Жөйткіп бара жатқан кейбір көлік жүргізушілері бізді көріп тоқтап «Қандай да бір көмек керек пе?» деп сұрап жатты. «Неге атпен немесе велосипедпен бармадыңдар?» дегендер де болды. Шілденің ми қайнатар ыстық күндерінде сапарымыз ауырлай түсті. Алайда бастаған істі соңына дейін жеткізу үшін жігерімізді жанып, төзімділік таныттық. Қас қарайған кездерде «Келіңдер, отырыңдар. Ешкімге айтпай біраз жерге дейін апарып тастайық» деген көлік жүргізушілерінің қитұрқы ұсынысына шамданбай «Өзімізбен спутниктік байланыс алып жүрміз. Бізді бақылап отырғандар бар» деп түсіндірдік. Киелі жерге бара жатқан сапарымызда өзімізді-өзіміз алдасақ кешірілмес күнә болар еді, – дейді Дамир.

Осылайша Дамир мен Дәулет ұзақ жолды еңсеріп Жидебайға да жетті-ау әйтеуір. Еріктілер 46 күнде 1200 шақырымды бағындырған. Қазір Дамирдің салмағы – 100 келі. Яғни осы сапар кезінде ол 15 келі тастады.

– Бес жасар ұлым «Мен де өскенде Жидебайға жаяу жетемін» дейді (күлді). Бірақ оған әлі ерте екендігін түсіндірдім. Бұйыртса, арада 25 жыл өткенде балам орда бұзар отызға келеді. Ал сол кезде Абайдың 200 жылдығы болады екен. Құдай қаласа, бұл мерейтойда 1200 шақырымды ұлыммен бірге жүріп өтсем деймін, – дейді волонтер болашаққа нық сеніммен қарап.