Алтай атауы берілді

245
көрілім

Газетіміздің өткен санында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің Зырян ауданының атын Алтай деп өзгертуді қолдағанын жазған едік. Жуықта осыған орай қоғамдық тыңдау өткізіліп, аудан тұрғындары мен мәслихат депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан құптады.

Зырян қаласының қоғам белсенділері аудан мен қала атауын Алтай деп өзгерту жөнінде ұсыныс жасап, аймақ басшысы Даниал Ахметовтың қолдауын тапты. Қыркүйек айының аяғында Зырян қаласында осы жайтқа орай қоғамдық тыңдау өткізілген болатын. Шара барысында зыряндықтар аудан және қала атын Алтай деп ауыстыру жайлы шешім қабылдады.

– Осыған дейін ауданда құрылған арнайы жұмыс тобы жергілікті тұрғындармен кездесіп, «Алтай» деген атау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген еді, – дейді академик Ғарифолла Есім, – Бұқаралық ақпарат құралдарында, жергілікті телеарналарда «Алтай – біздің ортақ үйіміз» тақырыбында тың материалдар жарияланып, жарыққа шығарылды. Кенді Алтайдың кіндігі Зырян өңірі болып келетіні жөнінде ғалымдардың дәлелді материалдары алға тартылды. Алтай тау жүйесі – Азия құрлығының орта тұсындағы таулы өлке. Алтай таулары төрт мемлекеттің шекаралас аумағында орналасқан. Қазақстандағы бөлігі Кенді Алтай Шығыс Қазақстан облысының жерінде. Шығыс жері – талайды табиғатымен тамсандырған ғажайыптар мекені. Кең-байтақ Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан облыс жерінің асты да, үсті де байлыққа толы. Ел экономикасын нығайтуда Шығыс Қазақстан облысының үлесі зор. Өйткені өр Алтай елі қашанда өндірісімен өктем. Кенді Алтайдың кестелі келбетіне көз тоймайды. Алтай аталған ауданның еселі еңбеккерлеріне табыс тілеймін. Алтайлықтар, істеріңіз игілікті, несібелі болсын!

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ