Алтай атымен атала ма?

381
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Зырян қаласында аудан активімен кездесіп, шаһардың атын Алтай деп өзгертуге қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды газет тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Естеріңізде болса, біз осыдан біраз бұрын Зырян қаласының қоғам белсенділері қала атауын Алтай деп өзгерту жөнінде сөз қозғағаны жайында жазған едік. Енді міне, бұл мәселе облыс басшылығы тарапынан да қолдау тапқан сыңайлы. Бұлай деуімізге себеп жоқ емес. Өткен аптада Зырян аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде Даниал Ахметов Зырян қаласын Алтай деп атау орынды екенін, әрі экономикалық жағынан тиімді болатынын қадап айтты.

- Аудан атын өзгерту экономикалық тұрғыдан да тиімді болатыны сөзсіз. Себебі, Алтай ұғымы - брендтік атау. Қаланың аты өзгерген соң туристер ағылатын болады. Келген туристерге лайықты жағдай жасауымыз қажет. Сол үшін соңғы 30 жылда жөндеу көрмеген көшелеріңізді ретке келтіріп, Өскемен қаласымен екі ортадағы жолды жөндеп жатырмыз. Алтай - сан түрлі халықтың шыққан жері, түп мекені. Оны тіпті адамзаттың алтын бесігі деуге де болады. Зырян өңірінің жұртшылығы менімен келісер деп ойлаймын -деді кездесу барысында Даниал Ахметов.

Облыс әкімінің ұсынысын жиынға қатысушылар бірауыздан қолдады. Аудандық мәслихат депутаттары бұл бағытта қажетті шаралардың қолға алынып, халыққа түсіндіру жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Олар 28 қыркүйек күні қоғамдық тыңдаулар өтетінін, онда ауданмен қатар, елді мекендердің, көшелердің аттарын өзгерту жөніндегі мәселелер де көтерілетінін хабарлады.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ