Алтай ауданының тұрғыны нотариуске алданып, пәтерінен айырылған

375
көрілім
Шартты фотосурет

Қараша айының 11-і күні Алтай аудандық полиция бөліміне 24 жастағы жергілікті тұрғын жүгінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өз арызында ол былтыр 20 қарашада Жаңа Бұқтырма кентіндегі пәтерін алдап иемденген 51 жастағы нотариусты жауапқа тартуды сұраған. Келтірілген шығын 4 400 000 теңгені құрады.

- Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдікті анықталды. Белгілі болғандай, жәбірленуші нотариусқа жүгініп, өзіне тиесілі пәтердің құжаттарын тексеруді сұраған. Әңгіме барысында ол ақшадан қысылып жүргенін айтқан, кепіл шартын рәсімдеп жатқанда нотариус "тиісті қаражатты мен берейін" деп көндірді. Ай сайын несие бойынша пайыздарды төлеп тұратынын айтып, қарызды қайтара алмаса пәтерін сатуға ұсыныс жасаған, - делінген мәліметте.

Біраз уақыттан кейін иесі пәтерінің құжаттарын тексере бастап, нәтижесінде оның иелігіндегі пәтері өзгенің атына тіркелгенін білген. Нәтижесінде қаскөй сатып алу-сату шартын рәсімдегені анықталды. Осы ретте оған қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат бұлтартпау шарасы қабылданды.

- Аталған факті бойынша ҚР Қ-нің 190 - бабы 2 - бөлігінің 1, 3-тармақтарыне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, оның санкциясында 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.