Алтайда улы жыландар қалай пайда болғанын білесіз бе?

459
көрілім

Адамдардың айтуынша, байырғы заманда Алтай тауларында улы жыландар мүлде болмаған. Тарбағатайдан алыс емес жерде бір ру көшіп-қонып жүреді екен деседі. Бұл қоныста ылғи ер адамдар ғана тіршілік еткен. Оның себебі, ру басы әйелдерді ұнатпайтын және ешбір әйелді өзінің үйіне маңайлатпайды екен.

Жас жігіттерге қыздардың сыңғыр күлкісі мен ыстық құшағы жетіспейтін. Көрші рудың қыздарын әелдікке алуға ниеттенсе де, қаһарлы ақсақалдан жасқанды. Жігіттердің аңсарлары уақыт өткен сайын арта түсіп, көрші рудың қыздарына ашық көз сүзе бастайды. Қарт билеуші руластарын күшпен ұстай алмайтынын аңғара бастайды.

Қария жігіттерді жиып алып, дуалы сөз айтады: кімде кім сүйіктісін әйелдікке алғысы келсе, оны Тарбағатайдың ең биік шыңына қолына көтеріп алып шығуы керек. Жігіттер қуанып кетті. Қызды көтеріп, тауға шығу оларға оңай шаруа болып көрінеді. Бұл сынаққа шыдаса, бақытқа кенелетіні анық. Бірақ қатал қария жігіттердің жолына өте алмайтындай тосқауыл қойған екен. Шыңға апарар жол сиқырлы болып шықты. Шаршаған жігіттер демалуға бел буса, аяғы жерген тиген қыздар бірден улы жыланға айналып кетіп отырған. Ұзақ жолдан жігіттер әбден қажиды. Қыздардың көбі мәңгілікке адам кейіпінен айырылады. Бірақ қатал патриархтың жүрегі еш жібімейді.

Бірде осы рудың жігіті жайлауда қой бағып жүріп, таудағы жайылымда гүл терген сұлу бір аруды кезіктіреді. Ғашық болған жігіт қаймықса да, ру басына келіп, үйленуге рұқсат сұрайды. Себебі қыздың да жігітке деген көңілі бар еді. Оның өтінішін тыңдаған қария, тіс жармастан, сол қауіпті жолды нұсқайды.

Амалы таусылған қойшы жігіт қалыңдығын арқалап, жолды бойлай шыңға көтеріле бастайды. Биік тік құздар, айналасында қаптаған улы жыландар… Осы жерде көптеген жігіттер шыңның басына жете алмай, сүйіктілерінен мәңгілікке айырылған еді.

Қойшы жігіт ұзақ жүрді. Улы жыландар шағып алмауы үшін, әр қадамын абайлап басуға мәжбүр болды. Ару сүйктісіне қолынан келгенше дем беріп отырды: бетін жуып кеткен терін сұртіп, жылы сөздер айтты. Бірақ жігіт әбден шаршайды. Маңдайы жерге тигенше еңкейіп кетсе де, қалыңдығын түсірмеуге тырысады. Етігінің тұмсығы жер сыза бастаған сайын қыз да жігіттің жүруіне көмектесіп, аяғының ұшымен жерден итеріліп отырды. Осылайша бір-біріне қолдау көрсете отырып, шыңның басына да жетеді.

Ғашықтарға сиқырының шамасы жетпеген залым шал ызадан булығып, өзі улы боз жыланға айналып кеткен екен. Тарбағатайды улы жыландар осылай пайда болған деседі ел арасында.