Апаттық жарық сигналын жағуға міндеттімін бе?

475
көрілім

Жақында бір түсініксіз жағдайға тап болдым. Қала ішіндегі аулалардың біріндегі жолда басқа автокөлікпен қарама-қарсы келіп қалып, артқа шегінуіме тура келген еді. Аталмыш маневрді жасау кезінде мені жол-патрульдік полициясының қызметкерлері тоқтатып, көлігімнің апаттық жарық сигналын жақпағанымды айтып, ескерту жасады. Тәртіп сақшыларының маған жасаған ескертулері заңды ма? Артқа шегіну кезінде көліктің апаттық жарық сигналын жағу міндетті ме? Жалпы, көліктің авариялық жарық сигналы қандай жағдайларда қосылады?

Қанат, Өскемен қаласы

Қазақстан Республикасы Жол жүру ережелерінің 7.1-тармағында көліктің авариялық жарық сигналдарының қандай кездері қосылатыны анық жазылған. Ол жерде аталмыш жарық шамдарының артқа шегіну кезінде қосу міндетті екені көрсетілген. Атап айтсақ, авариялық жарық сигналы мынадай жағдайларда қосылады:

  • жол-көлік оқиғасы кезінде;
  • аялдауға тыйым салынған жерлерде амалсыздан тоқтаған кезде;
  • артқы жүріспен қозғалғанда;
  • фардың жарығымен жүргізушінің көзін қарықтырғанда;
  • сүйретуге алғанда (сүйретілетін механикалық көлік құралында);
  • жолдың жарықтандырылмайтын учаскесінде немесе көлемдік оттардың дұрыс істемеуінен көру жеткіліксіз болған жағдайларда аялдағанда және тұрғанда;
  • елді мекеннен тыс, жол жағалауының ені жүріс бөлігінен толық кіру үшін жеткіліксіз болғанда немесе жол жағалауының енін осы жол жағдайында айқындау мүмкін болмай тоқтаған кезде;

Сондай-ақ, авариялық жарық сигналы басқа да жағдайларда, қозғалысқа қатысушыларды көлік құралы туғызуы мүмкін қауіптілік туралы ескерту үшін де қосылуы мүмкін.