Архат Бейсембаев: Жол сапасын қадағалауға арналған қор ашылуы керек

586
көрілім

Мұндай қажеттілік өңір жолдарында ауыр жүк көліктерінің шектен тыс көбеюіне қарай туындаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аумағында өткен жиында бұған дейін дүркін-дүркін көтерілген мәселелердің күні бүгінге дейін шешімін таппай жатқандығы айтылды. Мәселен, Ұлан ауданына қарасты Шымқора ауылына барар жолда ауыр жүк көліктерінің көбеюі, Самар ауданындағы Құлынжон ауылына кіреберіс жол және тағы басқалары.
– Қаншама жолдың сыйқы үнемі қайталанатын қателік салдарынан бұзылып жатыр. «Әділдікті талап ет» акциясы барысында Шымқора ауылына бардық. Ол жақта сапалы етіп бір жол салынса, жергілікті маңызы бар жол әбден тозған. Қандай да бір сараптамаларсыз-ақ бұзушылықтар байқалды. Осы жағын реттеп алған маңызды. Өтіп жатқан жүк көліктерінің ауырлығы жағдайды ушықтырып жіберген. Бәлкім, ауыр салмақты техникалардың өтуін қадағалайтын стационарлық пост ұйымдастыру қажет пе екен? Бір жерде жол жөнделіп, артынша бұзылып жатса, мұның цирктен қай жері кем? Бір нәтиже шығаратын уақыт әлдеқашан жеткен. Тіпті, тиеп алған жүк шектен асып кетсе, онда ақысы төленуі қажет. Сонда бюджетке де қаржы түседі. Сондықтан осы жағынан жол сапасын тексеруге арналған қор ашылуы керек сияқты, – деді ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев.