Астанаға жаяу жол тартқан өскемендік Ғалымжан Тоқтар Семейге таяп қалды

1633
көрілім

Өскемендік Ғалымжан Тоқтар 26 мамырда сағат 9.00-де облыс орталығынан Астана қаласына жаяу аттанды. Кеше түнде Бұлақты ауылына қонған ол қазір Семей маңына таяп қалды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Ғалымжан Тоқтардың бұл сапарындағы басты мақсат – ЭКСПО-2017 көрмесін өз энергиясымен ұлықтап, оны ауыл-ауылға насихаттау. Оның артында жұбайы көлікпен жүріп келе жатып, барлық сәтті бейнерегистраторға жазуда. Жоспар бойынша өскемендік азамат 16 маусымда Елордаға жетпек.

Семей қаласынан Павлодарға қарай бет бұрып, Ерейментау қаласы арқылы Астанаға табан тіремекпіз. Түнде далада түнеу үшін шатыр да алып шықтық. Алайда жаны жайсаң ауыл тұрғындары бізді жолай күтіп алып, қонақжайлығын көрсетіп жатыр. Кеше Бұлақты ауылында жанкүйерлер ыстық ықыласымен қарсы алып, мал сойып қонақ қылды. Құдай қаласа, біраз уақыттан кейін Семей қаласына да жетіп қаламыз, – дейді Ғалымжанның зайыбы Еркегүл Мұқиятқызы.

Ғалымжан Тоқтардың саяхат барысы сайт тілшісінің назарында болып, алдағы уақытта оқырман қауымға ұсынылып отырады.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ