Аты бар да заты жоқ

31
көрілім

Аққайнар ауылының тұрғындары Бауыржан Момышұлы көшесінің жолын сынға алды

Редакциямызға Катонқарағай ауданы, Аққайнар ауылынан хабарласқан оқырмандарымыз бірқатар түйіні тарқамаған түйткілді мәселелерін жеткізді. Олардың айтуынша, Кеңес Одағының Батыры, қазақтан шыққан тұңғыш дивизия командирі, полковник Бауыржан Момышұлының атына берілген ауылдағы көшенің жол жағдайы сын көтермейді. Сонымен қатар, жергілікті дәріханада дәрі-дәрмек тапшылығы сезілетін көрінеді. Осы ретте, айта кету керек, өткен жылы газет бетіне өскемендіктердің Бауыржан Момышұлының атымен аталған көшенің қаланың тым шетінде орналасқандығына наразылық білдіргендерін жазған едік. Оның үстіне бір де бір жарық шамы жоқ көшенің жолы да шұрық тесік. Алайда қала әкімдігі тұрғындардың мұңына әлі күнге дейін құлақ түрмей келеді.

Мәселелер аз емес…

Газет редакциясына қоңырау шалған Серікбол Ахметқалиевтың (аты-жөні өзгертілген) айтуынша, Аққайнар ауылындағы тау тұлға Бауыржан Момышұлының атына берілген көшенің жолы жыларман күйде.

– Бауыржан Момышұлы таныстыруды қажет етпейтін тұлға, – дейді ол, – Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күнде өмір сүріп жатқанымыз осындай батырларымыздың арқасы. Ал сол тұғыры биік қаһарманымыздың атына берілген бұл көшенің жол жағдайы мынау! «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су құбырын тартамыз деп жолды қазып тастағалы талай уақыт өтті. Неге аудан әкімдігі жөндеу жұмыстарын өз деңгейінде жүргізбейді?!

Сонымен қатар Серікбол Ахметқалиев ауыл дәріханасында дәрі-дәрмектің жетіспеушілігіне наразылық білдірді.

– Тіпті ішіміз ауырып дәріханаға барсақ, бір де бір дәрі табылмайды, – дейді катонқарағайлық тұрғын, – Ем-дом қабылдау үшін жақын маңдағы басқа ауылдарға дәрі іздеп кетеміз. Қазір онсызда облыс ауылдарында халық саны азайып жатыр. Бұған тек жұмыссыздық сынды жайттар ғана емес, осындай мәселелер де септігін тигізеді.

Әкімдік не дейді?

Бүгінгі таңда Аққайнар ауылында 880 адам тұрып жатыр. Аққайнар ауылдық округі әкімдігінің хабарлауынша, Бауыржан Момышұлы көшесін қоса алғанда 8 көшеде «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша «ALTAY ENVIRONMENTAL MANAGMЕNT» ЖШС арқылы су құбыры тартылып жатыр.

– Бағдарлама бойынша жұмыс 2 жылға жоспарланған. Соған қарамастан ТОО «ALTAY ENVIRONMENTAL MANAGMЕNT» су құбырын 6 ай ішінде тартуды көздеп отыр. Қазіргі уақытта барлық көшелерге ұсақ құм-тас төселіп, 4 көше толық жөндеуден өтті. Қалған көшелердегі жұмыстар 8-10 қазан аралығында аяқталады, – дейді Аққайнар ауылдық округінің әкімі С. Құрманов.

Оның айтуынша, Аққайнар ауылында дәріхана жоқ. Себебі кәсіпкерлер дәріхана ашуға құлшыныс танытпаған.

– Аққайнар ауылындағы амбулатория алғашқы жәрдем көрсетуге керекті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген және күнделікті өз міндеттерін атқаруда, – дейді С. Құрманов, – Ауылдық окрукте аббаттандыру жұмыстары жыл көлемінде іске асуда. Ауыл арасын бөліп жатқан бұлақ, өзендерге көпірлер салынып, көшеттер, гүлзарлар отырғызылып, тазалық шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар ауылды көркейту мақсатында да көптеген жұмыстар атқарылуда. Соңғы 2 жылда 6 отбасы көшіп келді. Округ аумағынан басқа жаққа көшіп кету үрдісі азайды.

Өзгеріссіз қалып келеді

Естеріңізде болса, өткен жылы газет бетіне облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлының атындағы көшенің тым шетте орналасқандығына қала тұрғындарының наразылық білдіргендігі жайлы мақала жазған едік.

– Неге Бауыржан Момышұлының есіміне қаланың сонау бір шетіндегі, қараусыз қалған көше берілген?! Қаладағы орталық көшелердің біріне Бауыржан бабамыздың аты берілсе, тақиямызға тар келер ме еді? Ал егер береді екен, ондай жағдайда Батырдың аруағын қорламай, көшені талапқа сай күтіп ұстай да білу керек қой. Мысалы белгілі тұлғалардың есімдері берілген орталық көшелерге сол адамның тасмүсіні орнатылып, салтанатты ашылу рәсімі өткізіледі. Ұлтымыздың біртуар азаматы Бауыржан Момышұлының есімін ұлықтау мақсатында да игілікті шаралар ұйымдастырылса оның несі айып? – деген еді газет тілшісіне сұхбат берген көше тұрғыны.

Халқының жарқын болашағы үшін аянбай күрескен хас батырымыз Бауыржан Момышұлының аты берілген көшенің орналасқан жері мен мүшкіл жағдайы көңілімізге қаяу түсіргені рас. Осы мәселеге жергілікті билік өкілдері бей-жай қарамас деген үмітпен қала әкімдігіне ресми сұраухат жолдаған едік. Алайда арада бір жыл өтсе де, ешқандай өзгеріс болмады… Тау бөктерінде орналасқан көше «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалып отыр.

Біздің анықтама

Бауыржан Момышұлы – Кеңес Одағының Батыры, жазушы, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, дивизия командирі. Бауыржан Момышұлы шеңгелін жайған сұрапыл соғыс жылдары қаһармандық ерлігімен, ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен ерекше көзге түседі. Бірнеше рет өз жауынгерлерін жау қоршауынан аман-есен алып шыққан. Мәскеу түбіндегі шайқастағы ерлігі сол кездің өзінде Одақ көлеміне аңыз болып жайылады. Осының негізінде орыстың белгілі жазушысы А.Бек «Волоколамское шоссе» (қазақшасы «Арпалыс») повесін жазған. Кейіннен бұл шығарма бірнеше тілге аударылды.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ