Аудан атауы – Алтай

284
көрілім

Елбасы Зырян ауданының атауын Алтай деп ауыстыруға қатысты Жарлыққа қол қойды

Зырян ауданы мен сол өңірдің орталығы Зырян қаласының атауы түбегейлі Алтай деп ауыстырылды. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыған қатысты Жарлыққа қол қойған. Жағымды жаңалықты естігеннен кейін қуаныштан төбелері көкке екі елі ғана жетпей қалған дүйім жұрт шырайлы Шығыстың ономастика саласындағы оңды өзгерістер осымен тоқтап қалмайды деген үмітте.

Өңіріміздегі білдей бір ауданның атауын Алтай деп ауыстыру жайлы ең бірінші болып ой тастаған Жазушылар Одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Әлібек Қаңтарбаев болды. Аймақ жұртшылығы мен зиялы қауым өкілдері бұл ұсынысты бірауыздан қолдаған. Ал облыс әкімі Даниал Ахметов осындай өзгерістің экономикалық жағынан да тиімді екендігін айтты.

– Аудан атын өзгерту экономикалық тұрғыдан да тиімді болатыны сөзсіз, – деді Даниал Ахметов Зырян қаласындағы аудан активімен кездесу барысында, – Себебі Алтай ұғымы - брендтік атау. Қаланың аты өзгерген соң туристер ағылатын болады. Келген туристерге лайықты жағдай жасауымыз қажет. Сол үшін соңғы 30 жылда жөндеу көрмеген көшелеріңізді ретке келтіріп, Өскемен қаласымен екі ортадағы жолды жөндеп жатырмыз. Алтай - сан түрлі халықтың шыққан жері, түп мекені. Оны тіпті адамзаттың алтын бесігі деуге де болады.

Осыдан кейін Зырян ауданында қоғамдық тыңдау өткізіліп, жергілікті жұрттың Алтай атауын қуана қабылдағаны мәлім болды. Ал жуықта ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш аудан мен қала атауын өзгертуге қатысты Жарлыққа қол қойды. Ресми құжаттың мәтіні мынадай:

Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданын және Зырян қаласын Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданы және Алтай қаласы деп қайта атау туралы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданы және Зырян қаласы Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданы және Алтай қаласы деп қайта аталсын.

2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Осыдан былай Зырян ауданын Алтай деп атауға толықтай негіз бар. Өңір халқы ономастика саласындағы игі өзгерістер осымен тоқтап қалмайды деп сенеді. Ең бастысы, сең қозғалды.

Біздің анықтама

Алтай ауданы Шығыс Қазақстан облысының солтүстiк-шығысында орналасқан, солтүстiк пен солтүстiк-батыста Риддер қаласының аумағымен, солтүстiк-шығыста және шығыста Ресей Федерациясымен (Алтай өлкесi), оңтүстiк-шығыста Катонқарағай ауданымен, солтүстiк-батыс шекарасы Ұлан ауданымен, батыста Глубокое ауданымен шектеседi. Аудан аумағы 10,6 мың шаршы шақырымға тең.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ