Риддер қаласының тұрғындары Ботаниктер, Ульбастрой және Шубинка аудандарынан аю көрген, деп хабарлайды газет тілшісі YK-News.kz сайтына сүйене отырып.
Риддер қалалық аңшылар және балықшылар бірлестігі де бұл ақпаратты растап отыр. Бірлестік басшысы Александра Вилкованың айтуынша, мұндай жағдай бұл аймақ үшін тосын жай емес көрінеді.
- Біз түз тағысын жиі көретін аймақта тұрамыз, - дейді ол. - Тұрғындар аюды ғана емес, сондай-ақ марал мен бұланды да жиі көріп қалады. Дегенмен түз тағысын көбінде өзіміз еліктіреміз. Аю орман ішіндегі шашылған қоқысқа келеді. Жақында Шубинка ауданындағы омарталарға аю келгені жайында ақпарат келіп түсті. Тексере келе аталмыш аумақта жақында мал өліп, оның өлексесін иесі ормандағы шұңқырға лақтыра салғаны белгілі болды. Қорек іздеген аю міне осыған келген.
Аюдың ұйқыға кету мезгілі жақын қалды. Сол кезде орман кезген адамдарға ұйқыдағы аюды оятып алмау мәселесі пайда болатыны белгілі.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ