Ауызсуды алыстан тасып...

501
көрілім

Өткен қыстың қытымыр аязы Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуат ауылының тұрғындарын біраз әбігерге салғаны рас. Қыс ортасында құбырдағы суы қатқан ауылдың бірнеше көшесіндегі үйлер ауызсусыз қалған болатын. Мәселені жеделдете қолға алған жергілікті билік құбырдағы ақауды уақытылы реттегенімен көшелердің кейбіріне ауызсу жаз ортасында ғана жетті. Оның өзі ақсуаттықтар "Менің өлкем" газетіне шығып, газет редакциясы Тарбағатай ауданына сұраухат жолдаған соң ғана қолға алынған тәрізді…

- Бес ай бұрын құбырымыз жарылып ауызсусыз қалған едік, - дейді Ақсуат ауылынан қоңырау шалған оқырманымыз. - Өзім Абай көшесінде тұрамын. Қыс ортасында жарылған су құбырларын жөндегелі қашан? Бірақ бізге су сол күйі жетпеді. Көрші жатқан Имашев көшесіне де берілмеген екен. Құзырлы мекемелерге жүгінсек, ондағылар "құбырлардағы ақауды кетірген соң суды қосамыз" дейді. Жаз болса бел ортасынан ауып барады. Бақшаға еккен азын-аулақ көкөніс қурап қалатын болды.

Аулада ағып жатқан арықтың жоғын тілге тиек еткен ауыл тұрғындары суды алыстан тасып әбігер болғандарын айтады. Ал аудан билігі болса әрбір бау-бақша иесінің өзіне тиесілі бақшаны арықпен суаруы тиіс екенін айтады.

- Ақсуат ауылындағы орталықтандырылған сумен қамту желілерін күтіп-ұстау жұмыстарын аудан әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Ақсуат" МКК атқарады, - дейді газет редакциясына ресми хатпен жауап берген Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Ахмет Аққазин. - Ауызсудың әр текше метріне ауыл тұрғындарынан 40 теңгеден ақы алынады. Ауылдың Абай және Имашев көшелеріндегі су құбырлары желісінде орын алған ақауды жоғарыда айтқан кәсіпорын жөндеп, 2018 жылдың 1 шілдесі күні ауызсу берілді.

Билік өкілінің айтуынша, Абай, Имашев көшелері тұрғындарының бау-бақшаларындағы жеміс-жидектер мен көкөністерді суару мақсатында "Ақсуат" МКК орталықтандырылған су құбырлары желісінен баламасыз ауызсу босатылмайтын көрінеді.

- Әрбір бау-бақша иесі бақшасын арықпен суаруы тиіс, ал бақшаға су арықпен келмеген жағдайда өз ауласынан су ұңғымасын қазып, су шығаруы қажет. Сондықтан тұрғындардың бау-бақшасының қурап қалуына "Ақсуат" МКК-сі кінәлі емес, - дейді шенеунік.

***

Биыл Ақсуат ауылындағы су құбырлары желілерінің қайта жаңғырту жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Оны дайындап жатқан "Ақжар жоба" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобаларды мемлекеттік сараптамаға беріп қойған. Аталмыш жобалар қолдау тапса, алдағы уақытта Ақсуат ауылының "ПМК", "Бесшатыр", "Ескі әуежай" шағын аудандарымен қатар, басқа да мөлтек аудандардың барлық көшелеріндегі тұрғын үйлердің жанына дейін ауызсу құбырлары тартылатын болады. Ал жұмыстардың басталу уақыты 2019 жылға жоспарланып отыр.

Ерлен ОСМАНОВ