Аягөз ауданы Сарыарқа ауылында интернет жылдамдығы әлі нашар

7598
көрілім
Шартты фотосурет

Тұрақты оқырмандарымыз ала жаздай еш өзгеріс болмаған соң қайта айналып редакцияға хабарласты. Жоқты бар етуді сұрамады, бар дүниені соңына дейін жеткізуді өтінді. Әлбетте әр ауданның бас қатырар мәселесі ең алдымен сол өлке әкімдерінің алдынан өтетіндігі белгілі. Мәселе жауапты тұлғалардың түйткілді қаншалықты бақылауға алғандықтарында. Себебі тамыз айында қолға алынады деген жұмыс күні бүгінге дейін еш нәтижесін бермеген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шенділердің шын ниет танытпағандары ма?

«Қазір ауылда ғаламтор деген атымен жоқ. Байланыс та мүлде нашар» деп бастады бұйымтайын Светлана Елеусізова. Бір өзінің емес, машақат көрген өзге де сарыарқалықтардың атынан сөз алған. Аймақта интернеті мүлде жоқ ауылдардың бары белгілі. Олардың басым көпшілігі шағын ауылдар, тұрғындар саны 300-400-ден аспайтын елді мекендер. Өкініштісі сол, Сарыарқа ауылында тым құрығанда өзара қоңырау шалудың өзі бас ауыртар жайтқа айналған. Бір есептен дүние-керуен жылжып, қоғам жаңашаланып келеді дегенмен байланысы мүлде нашар ауылдар санының азаймай тұрғаны шенді-шекпенділердің жұмысын шын ниеттерімен атқарып отырмағандықтарынан ба дерсің.

– Алыс-жақында, қашықтан оқып жатқан бала-шағамыз бар. Олармен де емен-жарқын сөйлесу бір қияметке айналды. Осыған дейін Activ, Beeline байланыстары кедергісіз жұмыс істеп тұрған болатын. Талай мәрте уәде етілгенімен 3G байланысын қостыру жемес астан үмітті қыла бастады. Онлайн білім алып жатқан студенттер үшін бұл мәселе күрмеуі шешілмейтін түйіншек іспетті, – деді ол.

Орынбасардың уәдесі әлі орындалмады

Өткен жылдың тамыз айында сұраухат жауабында аудан әкімінің орынбасары Медет Мырзыкешов: «Сарыарқа ауылындағы ғаламтор желісінің нашар ұстайтындығына қатысты мәселе «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында шешімін табады» деген еді. Одан бөлек, 2020 жыл бітпей Сарыарқа, Ақши, Қарағаш, Тарбағатай және Майлин ауылдық округтерінде талшықты-оптикалық интернет желісінің тартылатындығына сендірсе, содан бері бес ай өтті. Мәселе қайта көтерілген соң ресми хат аудан әкімдігіне қайта жолданды.

– Ауылда интернет желісі жер серігі каналы арқылы жұмыс істейді. Жұмыс барысы осылай болғандықтан «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының қызметі көрсетілмейді. Қазір интернет желісін жақсарту мақсатында Tele2 байланыс қызметі іске қосылуда, – деді аудандық ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Думан Ргаев.

Берілген жауапқа қарап-ақ осы аудан әкімі орынбасарының берген уәдесінен сол күйі еш нәтиже шықпағанын аңғаруға болады. Думан Болатханұлы қазіргі уақытта Аягөз өңірі бойынша интернет желісіне қосылған ауылдар тізімін ұсынды. Солардың бірнешеуін мысал келтіре кетейік.

 

Ауыл атауы

 

Емелтау

 

Қарағаш

 

Ақши

 

Тарбағатай

 

Майлин

 

Тарлаулы

 

Қорық

 

Айғыз

Кестеге енбеген Байқошқар, Баршатас, Бидайық, Қопа, Қосағаш, Өркен және Бозай ауылдары. Жоғарыда жазғанымыздай, бұлар ғаламтор желісіне қосылған елді мекендер. Мәселені талайдан бері көтеріп, өтініштерін оқтын-оқтын білдіріп жүрген Сарыарқа ауылы осы тізімге ілікпеген. 1000-нан астам тұрғыны бар ауылдың ұдайы шеттетіле беруіне не себеп? Интернет пен ұялы байланыстың болмауы әдепкі тіршілікте талай дүниенің іске аспауына себепші екендігін біле тұра, аудан әкімдігінің бүгінге дейін нақты бір әрекетке көшпегендігі әлі қанша тұрғынның ығырын шығарар екен?

Әділхан ЕСІМХАНОВ