Аягөз ауданында қара бұлттай қаптаған шегірткелер бейнетаспаға түсіп қалды

1094
көрілім
Шартты фотосурет.

Бірнеше күн бұрын Аягөз ауданының аумағында қара бұлттай қаптаған жасыл шегірткені бейнетаспаға түсіріп алған. Дегенмен, ауылшаруашылық алқаптарын қорғаушылар зиянкестердің әзірге егістіктерге тие қоймағанын айтуда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жол үстін қиып өткен қарақұрым шегірткелер сапының видеосы әлеуметтік желілерді шарлап жүр. Бейнетүсірілім авторы жәндіктерді Аягөз ауданының аумағында түсіріп алғанын айтқан.
Облыстық агроөнеркәсіп кешеніндегі аумақтық инспекцияның хабарлауынша, шегіртке биыл шынымен де көп көрінеді.

– Аягөз ауданының аумағында қалың қамысты кішігірім суқоймалар көп. Бұл өз кезегінде  жасыл шегірткенің өсіп-өнуіне жағдай жасайды, – дейді өсімдіктерді қорғау бөлімінің бас маманы Гүлжан Құсаинова. – Ыстық, әрі құрғақ жаз азиялық шегірткенің көбеюіне жағдай жасады. Қазіргі уақытта аумақтарды жәндіктерге қарсы өңдеп жатырмыз. Тек Аягөз ауданында ғана 26 мың гектар алқап өңделді. Онда улы химикаттар тиелген екі ұшақ кезекшілік етуде. Сондай-ақ инспекция Үржар ауданында да осындай жұмыстар жүргізіп, 7,2 мың гектар жер алқабына дезинфекция жүргізілді.