Аягөз ауданында Мұхтар Мағауин оқулары өтті

322
көрілім
Фотосурет adyrna.kz сайтынан

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан жерлесіміз, тарихшы, Қазақстанның халық жазушысының құрметіне аягөздіктер V аудандық Мұхтар Мағауин оқуларын өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аудан әкімінің ресми сайтына сүйенсек, шара №4 аралас жалпы орта білім беретін мектепте ұйымдастырылған. Сайыс екі кезең бойынша өткізілді. Бірінші бөлім "Көркем сөз" оқу, екінші бөлім М.Мағауин шығармашылығы және оқыған шығармалары бойынша тест тапсырмаларын орындау. Сайысқа 60-қа жуық оқушы белсене қатысты. 5-6 сынып оқушылары "Көк кептер", 7-8 сынып оқушылары "Бір атаның балалары", ал 9-11 сыныптар "Шаhан-шері" сынды шығармалары бойынша бақ сынасты.

Шараның ашылуында окушылар жазушының "Бір атаның балалары" шығармасынан сахналық көрініс көрсетті.

– Соғыс зардабын тартқан ауыл адамдарының өзге ұлт өкілінің жетім балаларын бауырына басқан оқиға көз алдымыздан өтті. Арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, қаламгер шығармашылығы бойынша бейнетаныстырылым көрсетіліп, оқушылар арнау өлеңдерін оқыды, – деді ұйымдастырушылар.

Бұдан іле аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрғали Азимбаев құттықтау сөз сөйлеп, жазушы шығармашылығына тоқталды. Айтуынша, осындай білім сайыстарының жиі өткізілуі оқушылар арасында өңірден шоқтығы биік жазушылар туындыларымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

Қорытындысында, 5-6 сыныптар арасында мектеп-гимназия оқушысы Әйгерім Ержанқызы, 7-8 сыныптар бойынша № 5 орта мектеп оқушысы Жаннұр Қайырғазина, 9-11 сыныптардан О. Меңаяқұлы атындағы мектеп оқушысы Айжан Нығмет жеңіп алды. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққандарын қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің әдіскері Бибігүл Жақсыбаева марапаттады.

– Жыл керуені жылжыған сайын Мұхтар Мағауиннің шығармалары жарық жұлдыздың қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей беретіні сөзсіз, – дейді қазылар алқасының мүшелері.