Аягөз ауданында оқушыларға арналған жазғы лагерь келесі жылдың маусым айында ашылмақ

570
көрілім

Облыс орталығында өткен баспасөз брифингтерінің бірінде ШҚО Білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаров жазғы демалыс лагерьлерінің жұмысы жайлы әңгіме өрбіткен болатын. Сөз барысында Басқарма басшысы Аягөз ауданында қала шетіндегі лагерь ашу мәселесінің әлі күнге дейін шешімін таппағанын алға тартқан. Бұқара.кз сайтының тілшісі бұл мәселені жіті зерттеп, Аягөз ауданында жазғы лагерьдің қашан ашылатынын, аты аталған жерде білім нәрімен сусындайтын балғын балақайлардың қазіргі уақытта қайда барып демалатынын анықтап көрді.

– Әрине, әрбір ата-ана бауыр еті баласының жақсы демалғанын қалайды, – дейді Аягөз қаласының тұрғыны Динара Алтынбекова (аты-жөні өзгертілген). – Жаз шығып, оқушылар каникулға шыққанда жазғы демалыс лагеріне барып тынықса нұр үстіне нұр емес пе? Өкінішке орай, біздің қаламызда осындай жағдай жасалмаған. Билік басындағылар осы жайтты назарға алса екен дейміз.

Аягөз аудандық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша балаларға арналған жазғы лагерь ашу жоспары құрылып, жобаның сметасы жасалған екен. Енді желтоқсан айында тиісті қаражат мөлшері бөлінсе, бірден құрылыс жұмыстары қолға алынбақ.

– Жазғы демалыс лагерін Аягөз қаласында маусым айының басында ашайық деп жоспарлап отырмыз. 80 балаға арналған ол лагерь қысы-жазы жұмыс істейтін болады. Қыс мезгілінде оқушылар шаңғы, шана теуіп сергісе, жаз кезінде ат спортымен шұғылданып, суға түсіп демалуға мүмкіндік алады, – дейді бөлім мамандары.
Аудан бойынша қазіргі уақытта 320 оқушы ағылшын тілінде білімін жетілдіріп, сауат ашу үшін «INTER PRESS» орталығының 05.06.2017 – 30.07.2017 аралығында ұйымдастырған «Лингвист» атты лагерімен қамтылыпты. 8 маусыммен жұмыс істейтін лагерьдің әр маусымында 40 баладан білім алуда. Соның ішінде аз қамтылған және көпбалалы, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 61 бала тегін, қалған балалар ақылы лагерьмен қамтамасыз етілген.

– Аудандағы 35 білім беру мекемесінің ұйымдастыруымен мектеп жанындағы лагерьлерге маусым, шілде айларында екі ауысыммен 1980 оқушы баруда. Бұл лагерьлерге тиісті қаражат аудандық білім бөліміне қарасты аудандық кәсіподақ ұйымы арқылы бөлінген. Сондай-ақ, тамыз айында «Алакөл» лагеріне балалардың денсаулығын сауықтыру мақсатында демалыспен қамту үшін 1 500 000 теңге қаражат бөлінді, – дейді Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Болат Сүлейменов.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Аягөз ауданында 470 бала мен 40 мұғалім Астана қаласына 3 күндік экскурсияға тегін барып демалып келіпті. Бұған қоса, маусым айында 469 оқушы облыстық бюджеттің қаражатына Елордаға аттанбақ. Сонымен қатар, мәдениет, білім, спорт сынды салаларда үздік атанған 250 бала еліміздің бас қаласына сапар шегетін болады.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ