Аягөз ауданының Ақтоғай кентінде цифрлық орталық ашылды

455
көрілім

Бүгін Ақтоғай кентінің Мәдениет үйі ғимаратында  жаңа электронды қызмет көрсету орталығы ашылды. Аталмыш орталық республика бойынша кезекті цифрлық ХҚКО. Мұндай цифрлық орталық бұған дейін облыс бойынша Өскемен және Семей қалаларында ашылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
 Мәлім болғандай, енді Ақтоғай кентінің  тұрғындары egov.kz электронды үкімет порталын қолдана отырып, цифрлық дағдылар бойынша тереңдетілген оқудан өте алады. Цифрлық орталық М.Мәметова 5 мекенжайы бойынша Ақтоғай кентінің Мәдениет үйі ғимаратында орналасқан.

"Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Азамат Есембуловтың айтуынша, бұл облыс бойынша үшінші цифрлық ХҚКО.
– Цифрлық орталық аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың қолдауымен ашылды. Электрондық қызмет көрсету орталықтары – бұл мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа форматы. Олардың жұмысы толығымен автоматтандырылған және тікелей операторлардың қатысуынсыз жүзеге асырылады. Қызмет алушыларға қолайлы болу үшін кішкентай бүлдіршіндерге ойынбұрышы қарастырылған, – деді филиал директоры.


Айта кетерлігі, аудан көлемінде өз бетінше қызмет алып жүрген тұрғындар саны артып келеді. Жыл басынан бері мемлекеттік корпорацияның филиалы 1,5 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде ауданда өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы 35 мыңнан астам тұрғын мемлекеттік қызмет, ауданның 31 мыңнан астам тұрғыны ЭЦҚ алған. Сондай-ақ 16 мың азамат мобильдік азаматтар базасында "Қалтадағы ХҚКО"деп аталатын мобильдік телефон арқылы қызмет алу үшін тіркелген.

Айта кету керек, аймақта ХҚКО өтініштер санының азайғаны байқалады. Бұл азаматтардың электрондық үкімет порталы арқылы өз бетінше қызмет алуына байланысты. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында миллионнан астам қызмет өз бетінше алынды, бұл өткен жылға қарағанда 18% - ға артық.

Мекенжайы: Ақтоғай кенті., М.Мәметова көшесі, 5.
Жұмыс кестесі: ДС – ЖМ, 9.00-ден 18.30-ге дейін.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» Шығыс Қазақстан бойынша филиалының баспасөз қызметі  Заруетқызы Мөлдір
Байланыс телефоны: 87015804921