Аягөз балалар орталығында бірқатар шаралар қабылданды

1411
көрілім

Жуықта Аягөздегі әлеуметтік орталыққа жүргізілген тексеру нәтижелері белгілі болды. 4 баланың өлімінен кейін аталмыш орталыққа қатысты бірқатар шаралар қабылданған. Мекемеге жаңа басшы да тағайындалып, бұрынғы директор тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жаңа директор жұмысқа кірісті

Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың сәуір айында Аягөз қаласындағы арнайы әлеуметтік көмек орталығының 4 тәрбиеленушісі көз жұмған болатын. Осыдан кейін аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасымен ведомствоаралық комиссия құрылған-тұғын. Комиссия мүшелері іс материалдарымен жіті танысып, медициналық құжаттаманы және бейнебақылау камераларына түсірілген жазбаларды түгел қарап шықты. Нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Орталықтың бұрынғы директоры Нұрлан Қантаев тәртіптік жауапкершілікке тартылғаннан кейін қызметінен босатылды. Сондай-ақ осыған дейін міндетін тиісінше орындамағаны үшін орталықтың медициналық бөлімінің басшысы жұмысынан кетті. Бұдан бөлек, мекеменің бірнеше жауапты қызметкері тәртіптік жазаға тартылған. Ал бүгінде әлеуметтік орталықтың жаңа директоры болып Шолпан Мақашева тағайындалды. Ол бұрын Шығыс Қазақстан облысының бас педиатры қызметін атқарған.

– Шолпан Ермекқызы 1999 жылы Семей мемлекеттік медициналық академиясын педиатрия мамандығы бойынша бітірген. 2019 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған. Экономика және бизнес магистрі дәрежесіне ие. 1999 жылы Жалпы практика дәрігері мамандығы бойынша интернатураны аяқтаған. 2001 жылдан 2007 жылға дейін Семей политехникалық колледжінде жасөспірімдер дәрігері болып жұмыс істеген. 2007 жылдан бастап 2017 жылға дейін Үржар ауданының ауданаралық ауруханасында педиатр, балалар бөлімінің меңгерушісі және неонатолог болды, – делінген ШҚО Ақпарат орталығы таратқан мәліметте.

Шұғыл шаралар қабылданған

Жуықта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі балалар орталығында жүргізілген тексерудің нәтижелерін жариялады.

– Аягөз балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында бірқатар шаралар қабылданды. МӘМ жұмысын жақсарту тетіктері, әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары ведомствоаралық кеңестің отырысында талқыланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің төрағалығымен өткен шараға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат, Президент әкімшілігінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, бейінді мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Тексеру нәтижелері орталықта арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету стандарттарының толық сақталуы бөлігінде бірқатар заңбұзушылықтар болғанын және де мекеме басшылығы тарапынан бұл бағытта тиісті бақылау жасалмағанын көрсетті, – делінген хабарламада.

Медициналық сараптама балалар ауруханада негізгі және қатар жүретін аурулардың, соның ішінде ауыр туа біткен патологиялардың салдарынан қайтыс болды деген қорытындыны айқындады.

Шығыс Қазақстан облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, әкімдік заңбұзушылықтарды жою үшін шұғыл шаралар қабылдаған.

– 2 ғимаратты жөндеуге, балалар алаңдарын абаттандыруға 139,5 млн теңге бөлінді. Емдеу-денешынықтыру үшін тренажер, көпфункционалды кереуеттерді сатып алуға, «бұлтты» сақтауы бар бейнекамера орнатуға қосымша 46,9 млн теңге қосымша қарастырылған. Орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға 3,5 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар қазіргі уақытта орталықта тағы бір тұрғын жай құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Жаңа ғимарат лифтімен, паллиативті топ үшін ұйықтайтын бөлме, медициналық бекет, ойын бөлмесі және асханамен жабдықталады. Ескі корпуста алаңдарды босатуға байланысты қосымша кабинеттер мен залдар (ЕДШ, спортзал және т.б.) орналастырылады, – деді ол.