Аягөз қаласының көшелерін қандай өзгерістер күтіп тұр?

857
көрілім
Шартты фотосурет.

Аягөз қаласынан хабарласқан оқырмандарымыз аталмыш елді мекендегі Шәкәрім көшесінің болашақ жағдайын біліп беруімізді қалаған еді. Оқырман сауалын назардан тыс қалдырмау мақсатында Аягөз ауданының әкімдігіне хабарласып, мән-жайды анықтап көрдік, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Көңілімізде күдік бар…
– Ауданымыздың көркейіп, маңызды салалардың жанданғаны көңілімізге қуаныш ұялататыны рас, – дейді Азат есімді ауыл тұрғыны. – Дегенмен, өзім тұратын Шәкәрім көшесінің жағдайы мені қатты алаңдатады. Көшемізге күрделі жөндеу жүргізілмегелі көп болды. Ойық тесігін жамаумен ғана тәмамдалатын көшеге биыл да біраз жұмыстар жүргізілгенімен, жұмыс жартысына жетіп тоқтап қалды. Бұдан әрі көшені тегістеу жұмыстары арындап қала ма деп қорқамын.
Осылайша, көше жолдарын жөндеу жұмыстарының тоқтап қалуы мүмкін деген күдігі басым оқырман жергілікті биліктің қолға алған істі ары қарай жалғастыратынына сенімсіздік білдірді.

– Көшеміз өзге көшелерден кем емес, – дейді Перизат есімді келесі оқырманымыз. – Тіпті Аягөз қаласындағы ұзын көшелердің бірі десем де артық айтпаған болармын. Соңғы кездері көше шамдары да орнатылуда. Енді тәуліктің қараңғы мезетінде қорғалап жүруден құтыламыз ба деген үмітіміз басым. Енді осы Шәкәрім қажының атындағы көше қайта асфальтталып, атына сай болса екен деймін.

Жұмыс жалғасын табады!
Сайт редакциясына ресми хатпен жауап берген Аягөз ауданының әкімдігі Аягөз қаласындағы Ақтамберді және Аққожа би көшелерінің арасын жалғаған Шәкәрім көшесінің назардан тыс қалмағанын хабарлады.

– Аягөз қаласындағы Шәкәрім көшесінің жалпы ұзындығы шамамен 1300 метрді құрайды, – дейді аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Нүкібаев. – Бұл көше бұрын-соңды күрделі жөндеуден өтпеген. Бүгінгі күні Шәкәрім көшесіне асфальт төсеу жұмыстарына 43 миллион 397 мың теңге қаржы қарастырылып, қазіргі уақытта 8 547 шаршы метр жердегі жол жабындысын тегістеу жұмыстары жүргізілді. Дегенмен бұл жұмыстар мұнымен тоқтап қалмай, келесі кезекте асфальт төсеу жұмыстарымен жалғасын болады. Аталған көшеде жарық шамдары да болмаған. Қазіргі уақытта жарық бағандарын орнатуға 1 миллион 906 мың теңге қарастырылып, 18 жарық шамы орнатылып, сымы тартылды.

Сондай-ақ, Аягөз қаласындағы көшелерді қалпына келтіру жұмыстарының мұнымен шектелмейтінін алға тартқан шенеунік алдағы уақытта Шоқан Уәлиханов, Ақанаев, Көшкімбаева, Тәңірбергенов көшелеріне де асфальт төселетінін атап өтті.

– Әлия Молдағұлова көшесіне асфальт төсеу жұмыстарына 12 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, бүгінгі күнде жұмыстар толығымен аяқталды, – дейді Бауыржан Молдағалиұлы. – Ш. Уәлиханов көшесіне асфальт төсеу үшін 57 842 000 теңге қарастырылып, 4580 шаршы метр жол төсемесі тегістелсе, Ақанаев көшесіне 26 155 517 теңге қарастырылып, бүгінгі таңда 3541 шаршы метр жол төсемесі тегістелді. Алдағы уақытта аталмыш көшелерге асфальт төселеді. Сонымен қатар, А. Көшкімбаева көшесіне 36 266 080 теңге, ал Е. Тәңірбергенов көшесіне 15 224 000 теңге қарастырылып, асфальт төсеу жұмыстарына мердігермен келісім-шарт жасасу шарасы аяқталып қалды.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, Қабанбай батыр көшесін қайта жаңарту жұмыстары аяқталған көрінеді. Биыл мұнда жаяу жүргіншілер жолағы, тротуарлар салынып, жарық бағандары орнатылмақ. Сонымен қатар, асфальттың екінші қабаты төселіп, жол белгілері мен төрт автобус аялдамасы орнатылады.