Аягөз қаласының тұрғындары «Солтүстік» аумағында ауызсу тартылмай жатқандығына шағымдануда

1234
көрілім
Фотосурет аудан әкімінің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

«Солтүстіктен» қоңырау шалды. Кәрлі қыстың қылышын қынабынан суыруға оңтайлана бастағанын байқаған тұрғындар аудан әкімдігінің жалаң тексеріс жүргізіп кеткендігін сынға алып, «тез арада су тартылса екен» деп тілек білдірді. Аягөз қаласындағы «Солтүстік» аумағындағы ауызсу тарту жұмыстары қауырт күйде жалғасып жатса да қолданысқа берілуге әлі дайын емес көрінеді. Газет редакциясы сұраухат әзірлеп жатқанда аудан басшылығы әлеуметтік желіде ресми жауап ұсынған екен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Жарықтандыру жұмыстары да жүргізілмеді»

Барлық өтініш-шағымдардың жылдың айларына, мезгіліне қарай білдірілетіндігі белгілі. Ал оған дейінгі мәселелердің біржақты болғаны-болмағаны өзінше бір жұмбақ, дегенмен шешімін тапты деген сүйінші хабар еш жерде жазылмады, тұрғындар тарапынан да қозғалмады. Демек мұның алдында қордаланған жарық, көше жолдарына қиыршық тас, асфальт төсеу жолдары сол күйі аяқсыз, тіпті басталмай жатып мәресіне жетті деген сөз. Мұны аягөздіктер де растап отыр.

– Қандай жоспар күн тәртібіне қойылып, түрлі жиындар мен кеңейтілген отырыстар жиі өткізілсе де, нақты бір істің уақтылы тәмамдалуын байқамадық. Әкімдік өкілдеріне де берілген көшелер тізімі бойынша ешбір жарықтандыру жұмыстары жүргізілмеді, – десті тұрғындар.

«Бақылауда болатындығын ескерттік»

Амал нешік, осы жайттардың барлығы келер жылдың еншісіне қалып отыр. Осы аралықта аудан әкімдігінің «Солтүстіктегі» ауызсу тартуға қатысты ресми жауабын ұсынайық. Бір айта кетерлігі, мәлімет қыркүйек айының екінші онкүндігі тәмамдалар тұста жарияланған. Дегенмен мәселенің анық-қанығына жету үшін осы пікір де өзектілігін жоя қоймаған.

– Облыстық мәслихат депутаты Қ.Оспанов және аудандық мәслихат хатшысы Қ.Досихановпен бірлесіп Аягөз қаласының «Солтүстік» аумағындағы ауызсу құбырлары құрылысын қадағалап, жауапты мердігер мекеме өкіліне жұмыс сапасы үнемі бақылауда болатындығын ескерттік, – деді аудан әкімі Сейілбек Ысқақов.

Бұдан соң бірден жаңа ықшам аудандағы абаттандыру, көше жолдарын асфальттау қадамдарына ойысты. Дегенмен аягөздіктер үшін бәрінен бұрын ауызсу жағы басшылықта тұрды. Тіпті Сейілбек Абұйырұлы ресми мәлімет ұсынғанның өзінде «Қыс та есік қағып тұр, ауызсу әлі тартылмады», «Бақылауға ала бергеннен не пайда, іске келгенде ешнәрсе шешілмеді» деген наразылықтар тұрғындар шыдамын түгесіліп бара жатқанын байқатты. Қаланың батысында бой көтерген жаңа ықшам ауданның жай күйі мен абаттандырылуы да мердігерлерге баса айтылған, тек орындау жағынан шашау шығармаса болғаны. Мұны Аягөз басшылығы бақылауларына алған екен.

Мердігерлер мүлт кетті

Айта кетер жайт, мана сынға ұшыраған сәт сайынғы тексерістер мен бақылаулардың оң нәтиже берген тұсы да бар. Айталық Мамырсу ауылы. Әкімнің айтуынша, жұмысты іске асырарда мердігерлер олқылыққа жол берген.

– Мамырсу ауылындағы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында көшелерге асфальт төсеу жұмыстарына дайындығы тексеріліп, оның алдында төселген қиыршық тас көлемінің талапқа сәйкес келмейтіндігі анықталды. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес жүргізіліп, ақаулықтарды болдырмау назарда болады. Бұдан бөлек, аталған бағдарлама арқылы жөнделіп жатқан амбулатория жұмыстарымен танысып, мердігерге жұмыс сапасына көңіл бөлуді тапсырдық, – делінген әкімдік ұсынған ақпаратта.

***

Ресми жауап бүгін-ертең барлығы ретке келтіріліп, ауызсу күз айларында тартылып бітеді дегеннен алыс. Дұрысы, алғашқы қар түспей, күреңдене түскен күз тәмамдалмай тұрып нүктесін қою қадамдары жасалуда деген жөн.

Әділхан ЕСІМХАНОВ