Аягөз тұрғыны өзіне боғауыз сөз айтқан ауылдасын ұрып, абайсызда өлтіріп алған

370
көрілім

Аягөз ауданы Қопа ауылындағы жер үйдің дәлізінде бас қосқан ер адамдар ащы судан ұрттап отырады. Арада біраз уақыт өткенде масайып қалған еркектердің бірі бөтелкелесіне балағат сөздер айтқан. Міне біреуінің о дүниеге аттануына, екіншісінің түрмеге қамалуына әкеліп соққан оқиға осы кезде басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Аралас-құралас болып жүрген 4 азамат кешкі сағат 17.30 мөлшерінде жер үйде бас қосқан. Ішімдік ішіп отырған олар әңгіме-дүкен құрысады. Арада бір сағаттай уақыт өткенде Болатбек ауылдасы Жансеріктің (есімдері толықтай өзгертілген) ар-намысына тиетін сөздер айтып, боқтықтың астына алған. Сол кезде сабыр суы сарқылған 48 жастағы еркек бөтелкелесінің бет тұсына жұдырығымен соққы жасайды. Онымен қоймай, басымен ағаш еденге құлап түскен Болатбектің дәл басынан тағы бір рет аяқпен бір тепкен. Осының салдарынан миына қан құйылып кеткен ер адам келесі күні есін жимастан жантәсілім етті.

Аягөз аудандық сотында қаралған сот ісінде Жансерік өз кінәсін мойындаудан бас тартты.

– Сол күні Болатбекті көрген емеспін. Ол үйге барып арақ та ішкен жоқпын. Тергеу барысында кінәмді мойындағаным рас. Өйткені полиция қызметкерлері маған қысым көрсетті, – деп жауап берді айыпталушы.

Бірақ басқа дәлелдерді саралаған судья оның бұл сөзі шындыққа жанаспайды деп тапты. Сот үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 104-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтейтін ол 25250 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Асқар ТҰМАРБЕК