Аягөзде аялдама мәселесі шешілмек

620
көрілім

Аягөз қаласындағы Қабанбай батыр және Нұралин көшелерінің қиылысында тұрғындарға арналған жаңа саябақ бой көтеріп келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын тексеруге шыққан аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев қаланы күні бойы аралап, ондағы жұмыс барысымен танысып қайтты.
Тексеріс кезінде аудан әкімі ел арасында «7 квартал» атанып кеткен мөлтекаудандағы көктемгі қар суын өткізуге арналған арналарды тазарту шаруаларын бақылап көрді.

– Көктемгі тасқын судан сақтану үшін су ағарларды тазалап тереңдетуіміз керек. Қар суынан тұрғындар зардап шекпеуі тиіс. Сонымен қоса қала тұрғындары жеке қабылдауыма келгенде бірнеше мәрте аялдама мәселесін көтерген болатын. Тұрғындар өтінішін сараптай отырып, қала ішіне шамамен 20-дан астам аялдама керек екені анықталды. Қазіргі таңда 2, жыл соңына дейін тағы 20 аялдама орнатамыз. Айта кететін тағы бір жайт, ол аялдамаларды шеттен алдырмай, қала ішіндегі кәсіпорынға жасатудамыз. Бұл қаланың өзін өзі қамтамасыз ете алатындығын көрсетеді. Жалпы мұндай жұмыстарды әр салада жүргізсе деген ниетім бар, – деді аудан әкімі.

Таунар ҚАЙРАТ