Аягөзде Кенжеш Садыққызының жүлдесіне арналған волейболдан жарыс өтті

865
көрілім

Аягөз ауданында «Жастар жылына» арналған конькимен жүгіру спортының ҚР мемлекеттік жаттықтырушы, спорт шебері, ХVІІ- ХVІІІ қысқы олимпиада ойындарының қатысушысы, 5 дүркін ҚР жеңімпазы Кенжеш Садыққызының жүлдесіне арналған 2004– 2005 жылы туылған қыздар арасында ІІ дәстүрлі аудандық волейбол жарысы өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Шараға аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев, Қысқы спорт түрлерін дамыту басқармасының бас сарапшысы Г. Игисинова, сонымен қоса Кенжеш Садыққызының туыстары қатысты.

№ 5 орта мектебінің жас әртістері ән айтып, би билеп, шараның көрігін қыздырды.

Жалпы жарысқа ауданымыздың 23 орта мектептің ойыншылары қатысты. Командалар жеребе арқылы 4 топқа бөлінді. Мектеп-гимназия, № 5 орта мектеп, № 7 орта мектеп, Лицей командалары жоғары дәрежеде ойын көрсетті.

Ойын қорытындысы бойынша І орынды мектеп – гимназияның командасы, ІІ орын № 5 орта мектебі, ІІІ орынды лицей командасы иеленді.

Жарыс соңында жеңімпаздар аудан әкімінің мақтау қағаздарымен және Кенжеш Садыққызының демеушілігімен алынған арнайы кубоктармен, медальдармен марапатталды.