Аягөзде пошта қызметкерін алдап кеткен ер адам сотталды

542
көрілім
Фотосурет - 24.kz сайтынан

Аягөз қаласының тұрғыны ақшасы болмаса да айыппұл төлеу үшін поштаға келген. Кассирге керекті құжаттарды ұсынған ол «әмиянымды көлікте ұмытып кетіппін. Кассадан төлей салыңызшы. Қазір-ақ әкеліп беремін» дейді. Ойына еш секем келмеген азаматша оңай келісе салған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Еркінбек Малғаждаров (аты-жөндері толықтай өзгертілген) Макеев көшесінде орналасқан Қазпошта» АҚ мекемесінің №1 кассасына келген. Пошта қызметкері Әсемге айыппұл төлейтіндігін айтып, құжаттарды ұсынған ер адам дәл ақша төлейтін сәтте әмиянын көлікте ұмытып кеткендігін алға тартады. «Кассада ондай ақша болса төлей салыңызшы» деген соң әйел адам келісіп, 25050 теңгеге айыппұлды төлеп, базаға енгізген. Алайда ақша алып келуге кеткен Еркінбек сол күйі оралмады. Алаяқтың арбауына түскендігін сонда ғана аңдаған Әсем полиция шақырып, оқиғаның мән-жайын баян еткен.

Аягөз аудандық сотында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне өкінетіндігін жеткізді. Бұрын сотты болмаған 26 жастағы Еркінбек Малғаждаровтың тұрақты жұмыс орны да жоқ екен.

– Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар іс бойынша анықталмады. Сот үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар ол 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды. Жәбірленушінің айыпталушыдан 25050 теңге мөлшерінде материалдық залал өндіру туралы талап арызы толықтай қанағаттандырылды, – делінген сот үкімінде.

Асқар ТҰМАРБЕК