Аягөзде сырқат жандарды алдап, ақша тапқан алаяқ сотталды

506
көрілім

Оңай олжаға кенелуді ойлаған Аягөз қаласының тұрғыны заңсыз жолға түсуге бел байлайды. Әр түрлі ауруға шалдыққан адамдарды әңгімеге тартқан ол «Астана қаласындағы Президент істері басқару ауруханасында дәрігер болып жұмыс істеймін. Елордада емделуге қажетті квота алып бере аламын» дегенді айтқан. Бұған сенгендер оның қолына сұраған ақшасын бере салыпты. Осы әдіспен талай адамды опық жегізген ер адамның ісі Аягөз аудандық сотында қаралды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Тұрақты жұмысы болмаған Ерасыл (есімдері толықтай өзгертілген) табыс табудың амалын ойластырған. Алдын ала құрылған жымысқы жоспарына сәйкес, 31 жастағы ер адам алдымен ауруға душар болған адамдарды іздестіре бастайды. Жанерке есімді азаматшаның науқас ұлы бар екендігін білген Ерасыл оған Астана қаласындағы Президент істері басқару ауруханасында дәрігер болып еңбек ететінін алға тартып, еліміздің бас қаласында сапалы емделу үшін квота алып беруге мүмкіндігі бар екендігін жеткізеді. Алаяқтың бұл айласына арбалған әйел, сұраған 150 мың теңгені іздеп тауып Абай көшесінің бойында оның қолына ұстатқан. Арада бір аптаға жуық уақыт өткеннен кейін Жанеркеге қайта хабарласқан ер адам «ұлыңызды емдеуге Түркия мемлекетіне де квота алып беремін» деп алдап, тағы да 150 мың теңге алады. Ешқандай жауапқа тартылмағандықтан одан әрі құныға түскен еркек тағы бір Аягөз қаласының тұрғынынан дәл осындай әдіспен 285 мың теңге алған.

Осыған байланысты сот ісі Аягөз аудандық сотында қаралды. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындады. Сот үкімімен Ерасыл Сағанбеков Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы, 2-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 1 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ